Тоқтар СЕРІКОВ: «КІНДІГІН АШЫП ТЫҢДАЙТЫН ҚАРЫНДАСТАРЫМ ҮШІН - ӘН ЖАЗУҒА ҰЯЛАМЫН…» - 12 Сентября 2010 - Қазақша ән, клип, сурет, фильм. Шет ел ән, клип Жүктеу
жексенбі, 11.12.2016, 10:59

Қазақ Жастары

Пікірлер
24.12.2014
Еркін Нұржанов-Аягөз (2011)
Жазған:
Пікірі:
ереке твой музыка кл... (Жауап жазу)
18.10.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
Қалқаман бауырым ама... (Жауап жазу)
04.10.2014
МҰҢ
Жазған:
Пікірі:
кушты. онерин устем ... (Жауап жазу)
04.10.2014
Жүрексіз де көрейін өмір сүріп
Жазған:
Пікірі:
керемет туындылар. ж... (Жауап жазу)
18.09.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
рахмет калкаман аа с... (Жауап жазу)
21.04.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
kuwti,olen (Жауап жазу)
19.02.2014
Бақытгүл Бабаш - Бір арман емес пе ек?
Жазған:
Пікірі:
ИА қазыргы таңда акы... (Жауап жазу)
19.02.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
Калкаман Сарйн акын ... (Жауап жазу)
26.01.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
сиздин олендеринизге... (Жауап жазу)
27.12.2013
Жанабай-Аяла (жана нұсқа 2011)
Жазған:
Пікірі:
Magan ander ote unad... (Жауап жазу)
Жеке бұрыш
Қош келдіңіз, Қонақ
10:59
Топ: Қонақ
Қонақ Егер тіркеле алмасан merei...90@mail.ru осы почтаға хабарлас үлкен бастық ашып береді...

Шәйхана
500
Санақ
Сайтта отырғандар: 1
қонақтар: 1
мүшелер: 0
Главная » 2010 » қыркүйек » 12 » Тоқтар СЕРІКОВ: «КІНДІГІН АШЫП ТЫҢДАЙТЫН ҚАРЫНДАСТАРЫМ ҮШІН - ӘН ЖАЗУҒА ҰЯЛАМЫН…»
21:09
Тоқтар СЕРІКОВ: «КІНДІГІН АШЫП ТЫҢДАЙТЫН ҚАРЫНДАСТАРЫМ ҮШІН - ӘН ЖАЗУҒА ҰЯЛАМЫН…»
- Тоқтар, жуырда, Алматы қаласы, Алатау ауданының ресми ашылу салтанатында өткен ат жарысында сіздің бәйге атыңыз өзге арғымақтардан оза шауып, бас жүлде- джип мәшинесінің кілтін қанжығаңызға байлады. Демек, бәйге тұлпарларын баптайтында өнеріңіздің болғаны ғой?

-Жылқы-төрт түліктің ішіндегі ерекше мал ғой. Жүйрік ат ұстау біздің бойымызға - ата-бабамыздан сіңген қасиетті дәстүр болғандықтан болар, мен атты өте жақсы көремін. Өзім қойшының баласы болғанмын. Кішкентайымнан атқа мініп өстім. Кейін Алматыға келіп, ауылдан алыстап кеткенім өзіме ауыр тиді. Қанша дегенмен ауылдың аты ауыл ғой. Қашанда ауылға қарай бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Ауыл мәңгі естен шығып кетпесін деп, осы жақта жүйрік тұлпарларды ұстай бастадым. Әрине, қазіргі заманда ат ұстау, оны шетелден алып келу, сатып алу бағасы да өте қиын. Бірақ, Аллаһқа шүкір, маған бір-бір тұлпардан сыйға тартқан өзімнің ағаларым, достарым бар. Алғашқы мал басы осылайша құралып кетті. Биылғы жазға өкпем жоқ. Ақбақай деген арғымағымды екі жарысқа апарып қосып, екеуінде де автокөлік ұтып алдым. Бұл бәйгедегі біздің алғашқы қадамдарымыз деп ойлаймын, алдағы уақыттан зор үмітім бар. Бәйге - арам ақшамен не болмаса, билікпен жеңдіріп алмайтын ең бір таза, діни тілмен айтқанда халал дүние деп ойлаймын. Ақбақаймен қоса, Қасқалдақ деген қарақасқа тұлпарым, сол сияқты тағы басқа біраз жүйріктер ұстап отырмын. Иншаллаһ, Аллаһ нәсіп қылса, оларды да алдағы уақытта бәйгеде бағын сынап көреміз. «Ақша беріп, аты бәйгеден келді» дейтін емес, мұнда кімнің жүйрік атының бағы жанып, бәйгеден келгеніне халық өзі куә болады.

-Өзіңіздің жеке тұлпарларыңыздың саны нешеу?

-Арғымақтардан Алматы қаласында үш-төртеуі тұр. Көпшілігі ауылда. Жиырма шақты ағылшын, араб жылқылары бар. Ауылда әкем өте атжанды кісі. Негізгі бастау әкемнен қалған дүние ғой. Әкем бала күннен атқұмар болған, кейіннен шопан болып қой бағып жүріп, түрлі бәйгеге ат қосты. Аты ешқашан жүлдесіз оралған емес. Көбінесе, кішкентайымнан бәйгеге мен шаптым. Бәйгеге құмарлық- содан пайда болды.

-Жүйрік тұлпарларыңызды баптайтын арнайы баптаушыларыңыз бар шығар..?

-Әрине, Аллаһқа шүкір. Бұл аттардың тікелей бастығы Бекайдар Нұрланов деген жан жолдасым. Екеуіміз бала күннен жақын доспыз, ол - ат спортымен жақсы айналысады. Атқа деген құмарымды, қызығушылығымды арттырған досымның бірі. Сондай-ақ, Ринат, Бағлан есімді өзімнің інілерім бар. Сол азаматтар ат баптайтын бапкерлер. Жүйріктерімнің бабы осы кісілердің қолында.

-Бірақ, арғымақтарыңызды бағып күтуге қала шетінен арнайы қора ұстайтын шығарсыз?

-Аллаһқа шүкір, қазіргі уақытта, ат ұстайтын қазақтың азаматтары өте көп. Қазақтың пейіліне қарай, қорасы да кең ғой. Әйтеуір, бір бұрышынан бізге бір орын табылып жатады. Арнайы қора соққан жоқпын. Қора салайын десем, жолдастарым өкпелеп қалатын сияқты. «Біздің қора тұрғанда, Тоқтар, саған не болды бөлектеніп?» - деп айта ма деп ұяламын. Солардың қасында жүремін, Аллаһқа шүкір жер кең ғой.

-Шетелден әкелетін арғымақтардың бағасы да оңай емес шығар..?

-Өте қиын. Өзімнің бір таң қалғаным, жылқы малының да тегіне қарайды екен. Тегі дегеніміз - шетелден келген жылқының паспорты болады екен. Шешесі, әкесі жағынан сымға тізілгендей барлығы жазылып келеді. Соның ішінде ең мықтысы деп- абырой атағы көп, бәйгеден келген айғыр шешесі, нағашы жұрты, «түрлі бәйгеде оза шапқан» деп әкесі жағын да жіпке тізе жазып, оны есептеп қарап келіп, соған қарай сен сатып алғалы тұрған жылқының шын бағасын, ақшасын есептеп шығарады. Яғни, атақ дәрежесі жоғары айғырдан туған жылқы баласының бағасы өте қымбат болады. Бұрындары «500 мың АҚШ долларға ат алыпты» не болмаса, «1 млн. АҚШ долларына бір ат, бір айғыр алыпты» деп еститінмін. Сол кезде «құдай-ау, төрт аяқты хайуан соншалықты неге қымбат болады ?» - деп ойлайтынмын. Қазіргі таңда, көре келе көзім жетті, көреген болдық. Бүгінде біздің сатып алып жатқан тұлпарлардың да бағасы оңай емес, 40 - 50 мың АҚШ долларының көлемінде. Мұндай қаржыны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Бірақ, шын жүйрік сатып алған ақшаңды бір бәйгеде-ақ қайтарып береді.

-Осы тұлпарлардың ішінде сіз үшін ең құны қымбатқа түскен қайсысы болды?

-Расын айтқанда, осы арғымақтардың біреуін өзім сатып алмадым. Барлығын достарым тарту етті. Жоғарыда айтқан Бекайдар досымның Дүйсен Нұрланов деген ағасы бар. Осы қылқұйрықтардың көпшілігін маған сол кісі сыйға берді. Сондай-ақ, Нұрлан, Қайрат Маханов деген ағаларым бар. Менен жақсысын аямайтын осындай азаматтар бар. Менің ат жануарынан сәл кішкене алыстап бара жатқанымды сезе ме екен, мені шақырып тұрып тұлпар мінгізіп жібереді. Ал, арғымақтар оза шауып, бәйгеден келіп жатады. Бұл - байлықты көрсету не болмаса, бәсекелесу емес. Бұл -сол арғымақтардың көзін ашып, бәйгеге қоссам деген атқұмарлық.

-Болашақта мал тұқымын асылдандырумен айналысатын шаруашылықты дамытуды қолға алып, жеке шаруашылық қожалығымен айналысу ойыңызда бар ма?

- Аллаһқа шүкір, бүгінде бұл шаруашылықты дамытып жатқан азаматтар көп қой.Малды асылдандыру менің де жоспарымда бар. Оншақты жылдың көлемі болды, қазіргі таңда, өзімнің ауылымда, кіндік қаным тамған жерде менің жеке шаруашылық қожалығым бар. Өзім кейде жүрген жерде күліп айтып жүремін- мені анам перзентханада емес, қыстақта дүниеге әкелген. Сол мен туылған қыстақтың барлығын өзім жекеменшік қып алғанмын. Сол жерде азын-аулақ жылқым бар, қазақтың азын-аулағы бірталай ғой. Қойымыз бар, сиырымыз бар. Төрт түліктің үшеуі де біздің жерде еркін өмір сүре алады. Түйе ғана өмір сүре алмайды. Ауылда қой, сиыр, жылқы тұқымын Аллаһқа тәуба, асылдандырдым десем болады. Бірақ, мынау бәйгеге қосатын аттарды көп ұстауға болмайды. Жүйрік ат, қыран құс, тазы ит ұстау деген жаупакершілігі өте жоғары, ауыр дүние. Оған өзіңнің туған балаңдай мәпелеп қарамасаң, болмайды. Сәл одан алыстап кетсең, ат та сені жатырқап қалады. Кейбір жерлерде «Тоқтар қыран бүркіт ұстайды екен»- деп жазып жібереді.Бірақ, өтірік айтпай-ақ қояйын. Мен қыран бүркіт ұстамаймын, ал бірнеше тазы иттерім бар. Егер, мен қыран құс ұстайтын болсам, онда мен қазіргі өнерімді мүлде ұмытып, сол бүркіттің соңынан кетуім керек. Қысы-жазы бүркіттің қасында жүруің қажет, оған менің шамам жетпейді. Осы азын-аулақ жылқының өзіне менің уақытым кейде жетіп, кейде жетпей жатады. Ал, бәйге аттарым қаланың қақ ортасындағы ипподромда тұр, соған күнде барып тұруға уақытым болмай қалады.

-Әңгімеміздің арасында ауылыңыз жайлы айтып қалдыңыз. Өзіңіздің ауылыңыз, балалық шағыңыз туралы біздің оқырмандарымызға кеңірек әңгімелеп берсеңіз..?

- Ауылым Семей өңірінде. Дәлірек айтқанда, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданына қарасты кішкентай Көксала деген ауыл. Менің «Үкілі қыз» әнімдегі «Көксаланың қасында қалың тоғай, сол тоғайды паналар қалың торғай, Самал желмен тербелген үкілі қыз, өмір бойы айтатын әнім болғай»-деген жолдар бар. Сол Көксала - менің ауылым. «Ауылым көшіп барады Ұялыға, Не жетеді баланың қиялына, Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз, Жиналған жұрт көпшілік зиялыға» - деп келеді. Осы әннің өлеңдерін қара өлең тектес қып, сөзін өзім жазған едім. Ұялы деген әкемнің бала күні мал баққан жайлауы.Көксала деген менің туған ауылым. Ұялы мен Көксаланың атын осы әннің ішіне әдейі қосқан едім. Мұндағы бар ойым, парызым - аядай ауылымды тым құрымағанда ән арқылы танытсам деген ниетпен жазған едім. Әрине, бұл әнді өзімдікі дегеннен Аллаһ сақтасын, әнді халықтың ұйқасымен жазғанмын, сондықтан, бұл ән - халықтікі. Ел менікі, жер менікі, бірақ, ән - халықтікі. Осы әнді қай жаққа барсам да, той-томалақтарда: «Көксаланың қасында қалың тоғай…» - деп айғайлап айтып жатады. Сонда ауылымның аты елдің аузында ән болып айтылып жатқанына өзім іштей мақтанамын қаламын. Осы әндегі «Көксала», «Ұялы» - менің туған жерім. Сол Көксала ауылында 1976 жылы қараша айының 16 жұлдызында дүниеге келгенмін. Кішкентайымнан сол жердің шаң топырағында ойнап өстім. Көзімді ашқаннан еркін далада өстім, әкем - жылқышы да, қойшы да, сиыршы да болды. Бала-шағаның қамы үшін әкем көп дүние бітірген. Әкем жастайынан аяғы тілім-тілім болып мал бағып, анам екеуі арып-шаршап жайлаудан қыстаққа, қыстақтан жайлауға көшіп жүріп етегінен домалап түскен балаларын бағып - қағып өсірді.Біз он бір ағайындымыз. Бірақ, екі ағам дүниеден ерте қайтып, шетінеп кеткен екен. Асқар, Әмір деген ағаларым тәй-тәй басып, ес біліп, азамат болып қалған шақтарында көз тиіп шетінеп кеткен екен. Екеуі де өңді болыпты. Екі ағам бірдей шетінеп кеткен соң, әкем қорқақтап, ағамның атын -Тоқтасын, менің атымды Тоқтар қойған екен. Қазір бес ұл, төрт қызбыз. Мен жетіншісімін. Ең үлкен ағамның есімі - Мамыр, отбасымен ауылда тұрады. Одан кейін, Айнагүл есімді әпкем бар. Орал қаласына тұрмысқа шыққан. Кейін жолдасы, бала- шағасымен осы Алматыға көшіріп алдық. Қазір Талғар қаласында тұрады. Сосын, Балқоңыр, одан соң, Айымгүл, Назгүл атты әпкелерім бар, олардың барлығы тұрмыс құрған, өз отбасыларымен ауылда тұрады. Одан кейін Тоқтасын атты ағам бар, сосын өзім. Менен кейін, Жайық, Ықылас атты екі інім бар. Жайық - келінім екеуі Алматыда өзімнің қолымда тұрады. Ал Ықылас ауылдағы бүкіл шаруашылық қожалығымызды басқарып отыр. Көпбалалы отбасында тәрбиеленгеніме мен мақтанамын. Бұрын адамдар қойшының баласымын деуге жасқанатын еді ғой, мен сол кезде «қойшының баласымын» -деп мақтанышпен айтатынмын. Себебі, ең таза, адал еңбекпен терін төккен менің әкем. Сол еңбегінің арқасында осылай өсіп - өндік. Әке-шешем бір баласын далаға тентіреткен жоқ. Шама-шарқы жеткенше, оқытып, тәрбеледі. Аллаһқа шүкір, барлығы жақсы оқыды, жоғары оқу орнында білім алды. Солардың біреуі - мен. Бұл да бір әкемнің ақылдылығы, даналылығы шығар деп ойлаймын.Себебі, мен небәрі бесінші сыныпты бітіріп, алтыншы сыныпқа келгенде, мені өз қолымен жетелеп, Алматыға интернатқа әкеліп тастады. Сонда «мен бұзақы болғаным жоқ, әкем маған неге осылай істеді екен» - деп ойлайтынмын. Кейін, әкемнен сұрасам «балам-ау, бәріміз ауылда қалып қойдық қой, ең болмағанда сен қаланы көр, қаланың өмірі мүлде бөлек»- дейді. Сонда мен «әке, мен ауылды сағынамын ғой, қатты сағынып жүрмін, сағынған кезде ауылға қайтқым келеді» - десем, «сен сағын, сағынған сайын еліңнің қадірін білесің, сағынғаның дұрыс» - деп айтатын. Ол кезде баламыз ғой: «әкем неге олай етеді екен» - деп ойлайтынмын. Сөйтсем, әкемнің айтқаны рас екен. Аллаһқа шүкір, тәуба. Мен сағынған сайын- Тоқтар болдым. Осы мектеп- интернатта оқып жүргенде «қалайда он бірінші сыныпты бітіріп, ауылға барып, әкеме қой бағысамын, әкемнің қасында жүремін» -деген мақсатым болды. Сөйтіп он бірінші сыныпқа келгенде, «әр баланың арманынан менің арманым аласа болып қалмасын, мен де бір жоғары оқу орнына түсіп, сол оқуды бітіруім керек»- деп ойладым. Себебі, менен әкем зор үміт күткенін түсіндім. Әкемнің үмітін жерге жықпау керек болды. Сөйтіп жүріп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Аллаһқа шүкір, ол жерден Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов ағаларымыздан өнер сабағын алдым. Бес жыл бойы сонда білім алып, 1999 жылы дипломымды қолыма алып, өнерге келіп қосылдым. Содан бері міне, өнер сахнасында келе жатырмын. Өнер жолына алғаш келгенімде, қазақ өнерінің белді азаматы, ұстазымыз Алтынбек Қоразбаевтан дәріс алғанымды да айта кеткенім жөн.Сол кісінің қасында жүріп ел-жерді аралап, халыққа танылдым. Өнердегі ұстазымыз сол кісі болғандықтан, үнемі аузымнан тастамай айтып жүремін. Бірақ, мен ұстазға кенде емеспін. Аллаһқа шүкір, ұстаздарымды санасам, он саусағым толып кетеді. Ал өмірде де, өнерде де ең алғашқы ұстазым - әке-шешем.

-Бойыңыздағы ән айту, өлең жазу қасиеті кімнен дарыған деп ойлайсыз?

-Менің әкемнің әкесі - Серік, ол кісінің көзін көрдім. Мені қасынан қалдырмай, үнемі ертіп жүретін. Мен бесінші, алтыншы сынып оқып жүргенге дейін көзі тірі болды.Ол кісі суырып салма, жазба ақын еді.Өлеңдерін қазір қарап отырсам, ұйқастары керемет.Бірақ, ол кісінің өлеңдері төте жазумен жазылған, қазір үйде сақтаулы тұр. Аллаһ қаласа, сол өлеңдерді аудартып, кітап қып жарыққа шығармақшымын. Өзімнің әкемнің есімі -Қадыр, аздап ақындығы бар, бірақ, негізі домбырамен әдемі әндер айтады. Бірақ, ән айтып елге танылған адам емес, той-думанда ән айтатын адам. Ал анамның есімі -Маруся. Анам- қара өлеңнің базары. Өзім айтып жүрген «Үкілі қыз» әнін алғаш анамнан естідім. Бүгінде орындап жүрген біраз өлеңдерін Бейбіт те анамнан үйренді.Шешем өлеңді өте жақсы айтады. Дауысы өте әдемі, тойда өзі қатарлы 7-8 апа қатты дауыстап өлең айтатын болса, солардың ішінен мен анамның дауысын ерекше танимын. Мен мұны баласы болғандықтан айтып тұрған жоқпын. Шешемнің дауысы сондай жарқын әдемі болып шығып тұрады. Шешемнің дауысына қатты риза боламын, жасы 74-ке келген үлкен кісі ғой. Сонда да дауысы жарқырап әдемі болып шығады.

-Ауыл жаны жүрегіңізге көп жақын болғанның әсері болар, сіз көбінесе гастрольдік сапарларды ауылды жерлерде жиі өткізетін сияқтысыз?

-Ауылдағы концерттерде өте жиі боламыз. Ауылдың тыңдаушысының құлағы бөлек қой. Қаланыкі бөлек -құнсыз деп айтпаймын, дегенмен, ауылдың тыңдарманы құндырақ. Ауыл тыңдармандары тарсылдаған эстрададан гөрі, күмбірлеген домбыраны жақсы көреді. Сол домбырамен ән орындаймыз. Кейде, Бейбіт домбырада менімен қосылып, өзінің жақсы көретін әндерін халыққа айтып береді. Қандай әдемі тыңдайды. Мейірлене, рахаттанып тыңдайды. Біз үшін жаны ауыратын қазақтың көпшілігі ауылда жүр. Баяғыда бізді «үйлене ме екен, үйленбей ме екен?» - деп әбден әуреге түсіп жүрген халықтың көпшілігі ауылдыкі. Маған сол уақыттарда том-том хаттар келетін. Кейбір азаматтардан «осыдан сол қызға үйленбесең, мұрныңды бұзамын»- деген хаттар келетін еді. Мен күлетінмін. Ол енді сахнаның заңдылығы ғой. Мысалы, «мен Бейбітке осындай күні үйленемін» - деп айтып қойсам, онда халыққа қызықсыз болатын еді. Ал «білмейміз» - дегеннің астарында небір ойлар, небір сырлар болды. Бірақ, Аллаһқа тәуба біз үйлендік. Ал, қазір халықтан хат келмейтін болды (күліп). Тек, бізді көргенде шын жүректерімен бақыт тілейді.

-Бейбіт екеуіңіз бірін-бірі адаспай тапқан жарасымды жұп екендеріңізде дау жоқ. Алғашқы таныстықтарыңыз қалай басталды?

- Бейбіт мені ең алғаш сахнадан көрген ғой, ән таспаларымды да тыңдапты. Бірінші өзі ғашық болған ғой (қалжыңдай күліп). Ал мен Бейбітті алғаш рет сахнадан көрдім

Шынын айтқанда, мен алғаш көргенде Бейбіттің мінезіне, жүріс-тұрысына, дене-бітіміне,бет-әлпетіне мән берген жоқпын. Мен қазақ өнерінің киелі сахнасына әдемі бір өкілі келгеніне риза болдым.Ең бірінші өнеріне, әніне ғашық болдым деп айтқаным сол.Себебі, көзіне мақтағандық емес, өнерге әдемі дауысты бір қыз келді.Аллаһ өзі кешірсін, ғайбаттап отырған жоқпын. Бүгінде дауыстары бір-бірінен айнымайтын әншілер көп қой, кейде радиодан тыңдап отырып, ажырата алмай қалатын сәттер болады. Бейбіттің бір ерекшелігі сол, ол - ешкімге ұқсамайтын, Роза апамызға да, Мақпал апамызға да еліктемейтін, қазақ өнеріне өзіндік сарыны ерекше бір дауыспен келді. «Бұл дауыс - ешкімге ұқсамайтын дауыс, осы дауыс бұзылмаса, түбі бір жерді жарып шығатын дауыс» -деп Ұлықпан екеуіміз баға бердік. Бұл кісінің ата-анасынан алған тәрбиесі өте жақсы. Қайын атам өте салмақты, ақжарқын кісі. Ал, қайын енем (жатқан жері жайлы болсын) өте жайдары, ақкөңіл кісі еді. Күйеу бала болмай тұрып-ақ, мен ол кісілердің баласы сияқты болдым. Енем марқұм мені қатты жақсы көрді . Ол кісі де «қызыммен жүріпсің ғой» - деп білдірмеді, мен де білдірмеуге тырысып бақтым. Ол кезде бойдақтың аты бойдақ. Бірде үйде ұйықтаймын, бірде түзде ұйықтаймын.Таңға жуық машинамен шаршап жолдан келгенде, ол кісі алдымыздан шығып, «шай дайындап қойдым, ішіп алшы, осында ұйықтай салшы» -деп, маған туған анамдай қамқоршы болды. Кейін күйеу баласы болған соң, ол кісіге тіпті қатты еркелеп кеттім. Үнемі шай үстінде қалжыңдасып, күліп, әдемі әңгімелер айтып отырушы еді. Бір жарым жылдан кейін, ол кісі дүниеден өтті. Қара жер хабар айтпасын, өте жақсы адам еді. Аллаһ жақсылығымен жарылқасын! Міне,осындай уақыттардан өттік. Ал, Бейбіттің мінезі менің анамның мінезіне ұқсас. Аллаһқа шүкір, қолы ашық, ақкөңіл. Мен үйде бар болайын, жоқ болайын үйге туыстарым, достарым келіп жатса, жаны қалмай күтіп алады. Менің анам да сондай адам, үйдегі затты біреуге бергісі келіп тұратын көңілшек жан.«Жоқ» деген дүниені айтпауға тырысады. Кей кезде менің бір болмайтын нәрсеге «қазір жағдай болмай тұр»- деп жай айта салатын кездерім болады. Сондай уақытта: «Тоқтар бізде жоқ деп айтпашы, Аллаһқа шүкір, бізде бәрі бар ғой, бере сал» - деп айтып отырады. Кейін, өзім де «жоқ деп бекер айттым ғой» -деп айтқаныма қысылып қаламын. Бір кемшілікті екіншісінің толықтырып отыруы, ол отбасының заңдылығы ғой. Бірақ, бұл кісінің де кейде маған қисайып қалатын жері болады. Ол кезде еркектігім ұстап, мен де ренжіген болып қаламын.Сондай сәттер болып тұрады. Бірақ, Аллаһқа шүкір, тату-тәтті жанұямыз. Аллаһқа разымыз!

-Былтырғы жылы өткізген концерттеріңізде сахнаға алғаш рет ұлдарыңыз Беколжасты халықтың алдына шығарып, бір әдемі қадам жасадыңыздар. Халық қатты разы болды. Кішкентайынан-ақ сахнаның киелі иісін бойына сіңіріп келе жатқан Беколжастың да ән айтатын әдемі дауысы бар шығар..?

-Аллаһқа шүкір, ұлымыз әдемі әнші. Ыңылдап ән айтады. Өзім үнемі «мен емес, осы ұлым түбінде композитор болады» - деп айтып отырамын. Себебі, ұлым үйде жүріп, ән шығарады. Ол ең алғаш ыңылдап «папа-папа»-деп өлең шығарды, кейін мамасының көңілі қалмасын деп, «мама»- деп айтатын болды (күліп). «Папа мен мама» маған орыс тіліндегі сөз сияқты көрініп, оны айтқызбауға тырысамын. Дегенмен, ол ұлтты, ол елді жек көрмеймін. Бірақ, менің өз ана тілім бар, сол ана тілімде ұлым мені «әке» деп айтса екен деймін. Себебі, қазіргі таңда, небір қаланың балаларын көріп жүрмін ғой, өзінің таза ана тілінде сөйлей алмай қиналады. Бұл үлкен ұят нәрсе… Сондай адамдарды көргенде «қандай мүгедектік» деп, жүрегім қатты ауырады. Аллаһ Тағала берген екі қол, екі аяғы істемейтін, не болмаса екі көзі көрмейтін мүгедектер бар. Оларды Аллаһ есіркейді. Бұл өмірде екі көзі көрмейтін, екі қол, екі аяғы істемегендерге Аллаһ Тағала ана өмірде оған екі көзін де көрсетеді, қолын да, аяғында жүргізетін қылады. Жаратушы иеміз шексіз мейірімді. Бірақ, мына фәни жалғанда «рухани мүгедектікке» ұшыраған, яғни, өз ана тілін білмейтін, өз дінін құрметтемейтін ұлт өкілін Аллаһ Тағала да құрметтемейтін шығар. Мына өмірде «рухани мүгедек» жан, ана өмірде мүлде мүгедектікке ұшырайды. Балам осындайға ұшырамаса екен деп ойлаймын. Сондықтан, осы бастан ұлым өзінің тілін, дінін білетін, өз ұлтын, туған елін, жерін құрметтейтін азамат болып өссе екен деп армандаймын. Менің атқұмарлығымның өзі таза қазақи мінезімде жатқан дүние. Ең алғаш Беколжасқа атты көрсеткенімізде, ол атты құшақтап тұрып, шекесінен сүйіп алды. Сосын мен таң қалып «балам, бұл ат қой, сені тістеп алады деп қорықпайсың ба?» - десем, ол одан сайын атты құшақтайды.Ал қой мен сиыр, ешкіден кішкене тітіркенеді, оларға көп жоламайды. Ал атты өте қатты жақсы көреді. Бұл қазақы қанында бар қасиет қой деп ойлаймын. Ертең ұлым атты, даланы, аң аулауды жақсы көріп өссе, бір бүйрегі бүлкілдеп ауылға қарай бұрып, «әке, мен ауылға барып, апам мен атамның жағдайын біліп қайтайын»-десе, одан артық бақыт бар ма? Аллаһқа шүкір, өз ана тілінде сөйлеп «әке сөйтейік, әке бүйтейік» -деп тұрса, мен ең бақытты әке болатын едім. Ол үшін, мен қазір кірпішті дұрыстап, орнықты жерге қалап, ұлыма дұрыс тәрбие беруім қажет. Ертеңгі күні балам 12-13 яғни, бір мүшел жасқа жеткенше, мен оған өз ана тілін, дінін үйретсем, әлхамдулиллаһ, әрі қарай өзі-ақ алып кетеді. Оған сенімдімін.

-Халық сізді әнші ретінде біледі, әнші ретінде таниды. Бірақ, көпшілік әндеріңізді өзіңіз жазасыз. Дегенмен, сізді сазгер немесе композитор емес, «әнші Тоқтар Серіков» деп хабарлап айтып жатады. Бұл сіздің өз сазгерлегіңізді мойындамағандығыңыз ба, әлде аса мән бермейтіндігіңіз бе? Әнді қалай және қай уақыттан бері жазып келесіз?

-Мен әнді арнайы жазайын деп жазбаймын. Әйелім әнші, өзім әншімін. Бірақ, қазіргі уақытта ән табу да қиындап кетті. Ән таңдауда тоқырауға түсіп жүрміз. Себебі, бұрынғыдай әдемі әндер қазіргі таңда жазылмай жатыр. Өз өлеңдерін әкелетін сазгерлер баршылық, бірақ, біздің ойымыздан шықпай жатады, көңілімізге ұнамайды. Бұрынғы сазгерлер тоқырауға ұшырады ма, қазір әдемі әндер жазбай кетті. Кейбір достарымыз «Тоқтар- ау өзің сазгерсің ғой, неге өзің жазбасқа?»- деп айтып жатады. Мәселе осында жатыр. Мен ешқашан бір әнді қолма-қол жазбаймын. «Әкемді сағынып кеттім, шешемді сағынып кеттім, туған жерім, Отаным»- деп апыр-топыр асығып ән жаза салмаймын. Аллаһ Тағала нәсіп қылған күні ол биыл бола ма, келесі жылы ма, әйтеуір, жүрегіме бір ән келеді. Мен бір жылда бір ән жазбаймын-ау, екі жылда бір ән дүниеге келсе, өз басым қатты қуанамын. Ән жазғаныма он шақты жыл болды. Бірақ, төрт-бес-ақ өлеңім бар. «Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді?» әнінің әні де сөзі де өзімдікі, Бекжан Тұрыстың орындауындағы «Амалым қанша» әнінің сөзі Исрайл Сапарбайдыкі, әні менікі. Одан кейін, Бейбіттің орындап жүрген «Айналдым» әнінің сөзі мен әнін өзім жаздым. «Серілер» тобы «Сағыныш» деген әнімді орындап халыққа ұсынып жүр.Сондай-ақ, өзімнің орындауымдағы біраз әндер өзімдікі. Бірақ, айтып отырған сөзіңіздің жаны бар. Расында да, осы сазгерлік жолын біржола қумадым. Себебі, XXI ғасырдың сазгерлерінің шығарған әндерінен қорқамын, соның ішінде мен де бармын. Осы ғасырдың аяғына жетпей бұл әндердің өшіп қалатынына сенемін. Келесі жаңа ғасырға бұл әндер бара алмайды-ау деп ойлаймын. Оның себебі, бүгінгі біздің әндеріміздің барлығы таңертеңнен түске дейінгі өмірді ғана жырлайтын, қайдағы жоқты айтып жылаған махаббат әндері.

-Әндеріңіздің көпшілігі жақсы ғой? Өз әндеріңіздің ішінде қай әніңізді жоғары бағалайсыз?

-Әндерімнің жақсысы- жақсы шығар, бірақ, ол бүгінгі күнге ғана жақсы. Бүгінгі тыңдарман құлағына жақсы. Ертеңгі келер тыңдарман құлағына мен жауап бере алмаймын, себебі, барған сайын құнды құлақтар өшіп барады. Қазір керісінше, секіріп билейтін әндер қаптап кетті. Қазіргі таңда, әндерді құлақпен емес, қарындастарым кіндігін ашып тыңдайтын болды. Әнді кіндікпен тыңдап, ішпен билейтін заман болды. Ән жазайын десем, ұяламын. Тек осылардың құрметі үшін, әндерді жазып-жазып кіндігі ашылған қыздардың өздері жабылған күні осы әндер де бірге жабылып қала ма деп қорқамын. Әнді біз болашаққа жазуымыз қажет! Мысалы, мен Алтынбек көкеміздің әндерін мойындаймын. Барлық әні демесем де, ішінде әдемі әндер баршылық. Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев ағаларымның әндері ұнайды. Бағлан Омаровтың әндері сондай-ақ, кейінгі сазгерлердің ішіндегі Бауыржан Есебаевтың әндерінің барлығы болмаса да, ішінде әдемі әндері бар. Ұлықпан Жолдасовтың да әдемі әндері баршылық, Аллаһқа шүкір! Бірақ, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып ән жаза берудің де еш мәнісі жоқ. Себебі, баяғыда Шәмші Қалдаяқов көкемізге біреу келіп, «Шәке, соңғы кезде сіздің әндеріңіз бір-біріне ұқсап кеткен жоқ па?» - деп сұрапты. Сөйтсе, Шәмші көкеміз де жай кісі емес еді ғой, «Е, айналайын-ау, айналдырған жеті нотаны қайсысына жеткіземін» - деп айтқан екен. Сол айтпақшы, әнді жыбырлатып жаза бергенше, мәнді бес-алты өлең жазса, сол пайдалы деп ойлаймын. Өзімді ақтап жатқан жоқпын, менің әнім ол кісілердің деңгейіне әлі жеткен жоқ. Менің «Жүрегім жүрегіммен егіз бе еді?» әнім 98 жылдардың керемет хит әні болған, бірақ, қазір айтылмайды ғой. Мысалы, менің әнім Шәмшінің әніндей болатын болса, неге бүгінгі күнге дейін айтылып жүрген жоқ? Шәмшінің «Сыған серанадасы» әнін орындап жүрмін, бұл ән әлі күнге дейін өшпейді. Осы әнді айтқым да келмейтін кездер болды. Бірақ, ол әнді халық әлі айтқызады, әлі сұрайды. Бұл әннің не құдыреті бар? Ал оның қасында менің «Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді» әнімді халық неге сұрамайды? Бұл жерде өзімді төмендетіп, өзгені биіктетіп отырған жоқпын. Бірақ, менің деңгейімде жүрген сазгер достарыма, аға-інілеріме айтарым, әнді арзанға жазып, қымбатқа сатпайық. Әнді бүгінгі күнге ғана, жоғарыда айтқан кіндігін ашқан қыздармен, құлағына сырға таққан інілерімізлің құрметіне арнап жазбайық. Біз қазақ елінің болашағының құрметіне, өшпейтін елдің құрметіне, болашақта біз көрмейтін, біздің ұрпақ көретін ғасырдың құрметіне арнап ән жазуымыз қажет!

- Өнер сахнасында жүрген келелі азаматтардың бірісіз. Өзіңізден кейін өнер сахнасында келе жатқан жастардың, ізбасарларыңыздың ішінде дауысы, ән таңдау стилі жағынан кімдерді ерекше атап айтар едіңіз?

-Эстрада жанрының бір жерде құйып, бір жерде бәсеңдеп жауып өткен жауындай өте шығатын сәті болады. Бұлт үйіріліп тұрған кезде, жауындай төгіліп кетеді, эстраданың ғұмыры осындай санаулы. Сондықтан, сондай сәтте, сол мезетте эстрада өкілі жан аямай жинайтын дүниесін жинап, айтатынын әнін айтып қалу керек сол атақ оның ары қарай өлер-өлгеніне дейін қызмет қылатын дүниесі. Ал енді мәңгі өшпейтін өнер, ол - дәстүрлі өнер. Ақан сері, Біржан сал, Естай, Әсет, Байғабыл т.б. айта берсек өте көп. Бірақ, қазір бұлардың біреуінің көзі жоқ, барлығы ана ғасырдың адамдары. Сол кісілердің сал-сері деген атағын бүгінгі бір ұрпақ ұмытты ма? Әлі ұмытпады. Міне, өлмейтін дәстүр осылар. Менің жоғарыда қорқып айтып жатқаным сол, бізді болашақ ғасыр ұрпақтары «Тоқтар деген эстрада әншісі болыпты»- деп мүмкін айтар, мүмкін айтпайтын да шығар. Бірақ, Жәнібек Кәрменов, бүгінгі Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Рамазан Стамғазиевтарды келесі ғасыр тыңдайтынына кәміл сенемін. Сондай-ақ, қазіргі таңда атап айтсам, Еркін Шүкімәнов, Ерлан Рысқали, Талғат Абылғазин атты мықты дәстүрлі әншілер бар. Осы кісілерді тыңдаймын да, «қазақ өнері өшкен жоқ» деп Аллаһқа шүкірлік етемін. Бұл жерде мен эстраданы арзан ғып, төмендетіп жатқан жоқпын. Эстрада бағытында өзінің «маркасын» күні бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан әншілер Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова деп айтар едім. Мен ол кісілерге қарап риза боламын. Баяғыдағы Роза әлі сол Роза, Аллаһқа шүкір, биігінен түскен жоқ. Мақпал Жүнісова тағдырымен күресіп жүріп маңдайы тасқа тисе де, әлі жарқырап жүр. Мен де дәстүрлі өнердің өкілімін. Бірақ, эстрадаға не үшін келдім білесіз бе? Мені дәстүрлі өнерден гөрі, халық эстрадамен жақсы қабылдады. Кейде дәстүрлі әншілер бізге: «Даңғырлаған эстрададан гөрі, күмбірлеген домбыраны тыңдаңыздар, ағайын» деген сияқты ауыр сөздер айтып қалғанда, «Олай бөлінгендеріңді қойсаңдаршы, эстрада сендердің әкелеріңнің басын жарды ма? Дені дұрыс, жақсы ән айтса, оған құба-құп көніңіздер, келісіңіздер»-деп ренішімді айтамын. Бірақ, олардың да сөзінің жаны бар.Расында да дәл қазіргі уақытта, эстрадалық бағыт ақсаңқырап тұр. Себебі, бүгінгі таңда, бізде заманға сай әндер көбейіп кетті. Киелі сахнада- жарқ-жұрқ етіп жарықпен биге арналған, бөксеге, балтырға, санға, кіндіктің құрметіне жазылған өлеңдер айтылатын болды. Бірақ, Аллаһқа шүкір, қазақ эстрадасында мұндай қадамға өлсе бармайтын әншілер де бар. Мысалы, Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, «МузАрт» тобы, «Жігіттер» квартеті сияқты замандастарымның өнерін өз басым жақсы бағалаймын.

-Опера әншілері мен дәстүрлі өнерде жүрген әншілерде - эстрада бағытын менсінбеушілік, шеттетушілік бар сияқты..? Ал, қарап отырсаңыз эстрадалық бағытта да кең диапазонды әндерді халыққа жеткізу форматының өзі оңай дүние. Осы жөнінде сіз не айтасыз..?

- Эстрада халыққа кейіннен жеткен, өнер арбасына кенже қосылған жанрдың түрі ғой. Эстрада дегеніміз - шетелдің поп музыкасы, бұл - шетелден келген дүние.Бұл - басқа дәстүрге сәйкес келмейді, дәстүрге жатпайды. Ал, опера - біздің қазақтың дәстүрі емес. Ол да бізге шет мемлекеттен келген өнер, яғни француздардың дәстүрі. Шет мемлекетке біздің қазақстандықтар барған кезде, ешқашан эстрада жұлдыздарын апармайды. Себебі, біздің өзіміздің қобызшымызды, күйшімізді дәстүрлі ән салып жүрген әншілерді апарады. Мен бұған құба-құп келісемін. Өйткені, ол жаққа барып, бізбен мақтана алмайды. Біз сияқтылар онда жетіп артылады. Операны да шетелге апарып қажеті жоқ деп ойлаймын. Атасына баласын апарып табыстаған сияқты. Ол жақта да ондайлар жетеді. Мақтанатынымыз тек біздің - фольклор, дәстүрлі әндеріміз. Міне, осындай ұлттық өнерімізді шетелге апарып насихаттаса, мен ризамын. Ал, жалпы, мен үшін әрқашан ең бірінші сатыда - өзіміздің елдің дәстүрлі өнері- күмбірлеген күй мен, қазақтың таза халық әні тұрады. Бірақ, одан кейінгі кезекке - әлемдік деңгейдегі әнші болса да, операны қоямын. Оған опера әншілері ренжімесін. Содан кейінгі орынға, эстрада жанрын қоямын. Эстрада кенже дамыған жанр, бірақ, кішкене бүлігі көп. Алайда, Аллаһқа шүкір, жаңа айтып өткенімдей, қазақ эстрадасында Роза, Мақпал апаларымыз тұрғанда, эстраданы төмендетуге болмайды. Ол кісілер эстрада жанрында жаны шығып, аянбай тер төгіп жүрген, диапазон десе, диапазоны биік нағыз халық әншілері. Бүгінде солардың жалғасы деп, Бейбіт, Алтынайларды айтар едім. Бірақ, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» - деген қазақта сөз бар ғой, сондай бір қарын майды шірітіп жүрген кейбір азаматтар, азаматшалар да баршылық. Қазақ эстрадасы сондай бір әлсіздіктен тазарса, өзіндік биігіне қайта шығып, орнына келер еді.

-Жаныңызға қай жанр ерекше жақын?

Мен көбінесе, дәстүрлі әндерді тыңдағанды жақсы көремін. Кейде, құлақтың өзі дағдарысқа ұшырап, кедейшілліке түсіп қалатын сәттер болады.Соны байытатын қазақтың дәстүрлі әндері.Мен Жәнібекті, Манарбекті тыңдаймын.Бүгінгі дәстүрлі әншілерден Қайратты, Бекболатты, Рамазанды үнемі тыңдап отырамын.Қандай керемет! Ол кісілер өлең айтқан кезде, менің көз алдыма қала, түтін зауыт деген елестемейді, маған еркін мидай жазық дала, таулар, атқа мінген қазақтар елестейді.Осындай әндермен менің рухани жан дүнием байып қалады.

-Тоқтар, әңгімемізді қоғамдық мәселеге қарай ауыстырсақ. Гастрольдік сапармен еліміздің түкпір-түкпірін ауылды жерлерді жиі аралайсыз ғой. Ауылды аймақтарға барғанда көңіліңіз құлазып, қарныңыз ашып қайтатын кездеріңіз бола ма?

-Біздің қоғам, біздің мелекет дамыған елу елдің қатарына кіруге талпынып жатыр ғой. Аллаһқа шүкір, алдымызға бір 2030 деген санды жазып қойғанбыз. Соған жетудің жолында қаншама атақарылатын іс-жоспарлар бар. Егер, еліңе осындай дүние қажет, ол сенің қолыңнан келеді десе, мен оны істеймін. Себебі, мен елімнің өркендегенін, экономикасының көтерілгенін, дамығанын қалаймын. Өзге елдерден қалып қоймайық. Бірақ, керегесі кең, терезесі тең болып тұратын елдің де жамалмаған жыртығы бар, жазылмаған жарасы бар, елге айтпайтын, өзі ғана білетін өкінішті ойлары бар. Ол дамыған мелекеттерде де, біздің елде де бар дүние. Мен сөзімді тек ауылға ғана тіремей-ақ қояйын, мұндай жағдай қалада да бар. Мені қатты толғандыратын, менің ең бірінші жүрегім ауыратын жағдай, ол - ана тілім туралы. Менің ана тілімнің сағыздай созылып әлі дамымай жатқаны, қолға ал деп бұйрық берілгенде де әлі дұрыс қолға алынбай жатқаны жаныма қатты батады. Менің күлкім келетін болды, елімізде санаулы ұлттың өкілдері бар. Солар біздің тілде сөйлесе, қатты қуанамыз. Аллаһқа шүкір, біздің тілде сөйлеп жатыр. «Мінекей, он жылда немесе жиырма жылда көрген нәтижеміз қандай болды»- деп, соларды алдымызға шығарып, үлгі етіп мәз боламыз. Бірақ, оның ар жағында соның қалқасында қаншама қазақ өз ана тілін білмей жатқанын кім білсін?! Мемлекет басында жүрген кейбір ағаларымыз ел алдына шығып алып, жазып алғанын қағазға қарап оқи алмай, тілімізді мазақ қып тұрады-ау! Ана тілінде сөйлей алмай тұрған апа-ағаларымды көрген кезде жаным ауырып, қаным қайнайды. Мен барып оларға айтатындай, ақылым аз. Шыны керек, олар мені тыңдамайды да. Өз басым елбасын үлгі тұтамын. Неге? Ол кісі патша болған соң, жағымпазданып мақтап жатқан жоқпын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз ана тілін қалай құрметтейді, өзге тілді қалай сүйеді!Тым құрымағанда, қасында жүрген азаматтар осыны өзіне үлгі тұтпай ма? Ол азаматтың «қазақ тілі, қазақ тілі» - деп қақсап келе жатқанына қанша жыл болды. Ал бірақ, орыстілді қазақ азаматтарымыздың оған шын жүрегімен құлақ асатын сыңайы көрінбейді. Осы мәселе көңілімді қатты алаңдатады.

-Өзіңіздің шығармашылығыңызда әнші Тоқтар ретінде халыққа жеткізер қандай жаңалықтарыңыз бар?

-Дәл қазір әнші Тоқтар ретінде риза қылып, таң қалдыратындай жаңалығым жоқ. Жаңалықтың барлығы жаңа ән, жаңа бейнебаян туралы болу керек.Бейнебаян дегенді мен өзім аса мойындамаймын. Аллаһқа шүкір, бейнебаянсыз-ақ халыққа Тоқтар болып танылдық қой. Бір журналист қарындасым мен туралы «Тоқтар деген бейнебаянды мойындамаймын деп жүр, соны Көкшетау, Павлодар біле ме екен?» - деп жазыпты. Аллаһқа шүкір, қазір Қазақстанда мені бәрі біледі деп айта аламын, білмейтіндер де бар. Таза қазақи мінез-құлықпен, қазақи ниетпен жүргендер менің Тоқтар екенімді Аллаһқа шүкір, жақсы таниды. Ал жаңа әндер жаздырмай жүргеніміздің расында да бір себептері бар. Биылғы жылды - Бейбіт екеуіміз «отауымызды кеңейтіп, отбасымызда бір өзгерістер жасайық» деп, жанұямызға арнадық. Бұл дүниенің артынан қуу емес, бірақ, «дүниемізді бір түгендеп қояйықшы» деп биылғы уақытымызды осыған бөлдік. Оның үстіне баламыз да өсіп келеді. Сол ұлымыздың жүгіретін жері кең болсын деген ниетпен 6-7 ай болды, бір үлкен жер үй алып, сол үйдің құрылысымен, құрылысшылармен бірге шапқылап жүрген жайымыз бар. Аллаһ қаласа, әрі қарай уақытымызды өнерімізге бөлетін боламыз. Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. бір хадисінде: «Мына дүниені ойлаймын деп, ана дүниені ұмытып кетпеңіздер, ал ана дүниені ойлаймын деп, мына дүниені ұмытып кетпеңіздер»-деп айтқан екен. Сондықтан, екі дүниені де тең алып жүру керек. Бүгінде екі бірдей іні-келінім және қарындасым, жиенім қолымда тұрады. Барлығымыз бір шаңырақ астында 12-13 жан тұрамыз. Сондықтан, осы үйді кеңейтіп, үлкен үй алып, онда жартымыз, мұнда жартымыз бөлініп, заманға сай кең өмір сүрейік деген ойымыз бар. Әйтпесе, Аллаһқа шүкір бір отбасы болып, барлығымыз тату-тәтті өмір сүріп, бала-шағамызды өсіріп жатырмыз.

- Тоқтар, сіз өз-өзіңізге продюсер, өз-өзіңізге әкімші сияқтысыз. Жалпы, кәсіби әнші үшін жекелей жұмыс істеген ыңғайлы ма әлде, арнайы продюсер, стилистермен жұмыс атқарған қажет пе?

-Әншінің жеке продюсері болған өте жақсы. Әкімшілік жұмыстарға басың аса ауырмайды. Бірақ, қандай продюсерге жолығасыз? Мәселе осында. Өз басым продюсер дегеннен қорқамын. «Бейбіт екеуіңізге продюсер болайық»- деген біраз азаматтар болды. Бірақ, мен келіспедім. Себебі, ол кісінің қойған міндеттемесі мен, менің айтқандарым сәйкес келмеді, ортақ келісім болмады. Ал оның себебі- түкке тұрмайтын ақша деген бәледе! Адамды осы ақша құртып жібереді.Өз басым, ақша құмар емеспін.Бірақ, мен де өз нанымды біреуге жегізбеймін Егер сен халыққа танылмаған әнші болсаң, сенің продюсерің саған киіміңді әперіп, өзі сен үшін қалтасынан ақша шығарып шығындалып, артынан соның жемісін жеймін десе, кәнеки! Ал қазіргі продюсер болғысы келетіндердің көпшілігі- «дайын асқа тік қасық» болғанды жақсы көреді. Ал, маған, ондай адамдар ұнамайды. Өзімнің маңдай теріммен тапқан еңбегімді, құрдан-құр танымайтын біреуге бергенше, жағдайы орташа туған- туыстарым баршылық, неге соларға бермеске? Олардан артық қалып жатса, жетім-жесірлерге неге көмектеспеске? Сол себепті де, Бейбіт екеуіміздің жеке продюсеріміз жоқ. Тойларға да, концертке де өзім барамын. Бірақ, «Алтын самұрық» бірлестігінің басшысы Қайыргелді Жексенбин деген азамат үлкен концерттердің бәрінде өзі көмектеседі. Ақша мәселесіне келгенде ол жігіт екі сөйлемейді. Келісім бойынша шешеміз. Артық жымқырып қалу, жасырып қалу деген жаман мінез ол кісіде жоқ. Сөзге адал жан. Сондықтан, үлкен концерттерді сол кісімен бірлесіп атқарамыз. Сондай-ақ, Жасұлан деген өзімнің інім бар. Көп тірлігіме қолқанат болатын сол бауырым.Той мәселесін де сол шешеді. Мен түзде жүргенде жеңгесін тойға апарады. Бірақ, Бейбіт сырт қалаларда, облыстарда өтетін жиын-тойға менсіз жалғыз ешқашан бармайды. Қала ішіндегі тойларға өзіммен бірге ертіп барамын.

-«Жұлдызбен сырласу» журналына тілегіңіз қандай?

-Аллаһқа шүкір, мына «Жұлдызбен сырласу» журналдарыңыздың іші де сырты да сондай мөлдір екен. Нақ осы тұнық күйінде қалсын! Жұлдыз деген ұғымның өзі түнде жанып, күндіз сөнетін дүние ғой. Бұл журнал күнде де, түнде де жарқырап тұратын «Жұлдызбен сырласу» журналы болсын! Көпшілігі жанбай жатып, сөніп, не болмаса, жолаушы өмірін тоқтатып, жолда тоқтап қалатын кездері болып жатады. Сіздер тоқтамаңыздар. Сондай-ақ, қазіргі журналдар өсек-аяң, жалаң
Категория: Сұхбаттар | Просмотров: 9436 | Добавил: Bamxana | Теги: Тоқтар Серіков, «КІНДІГІН АШЫП ТЫҢДАЙТЫН ҚАРЫНДАСТА | Рейтинг: 3.0/5
(43.31 Kb, 468x60)
Всего комментариев: 1
1 нурдаулет   (28.04.2013 10:25)
men an jazayn degen edim kalai jazwa boladi

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]