бейсенбі, 22.04.2021, 13:25

Қазақ Жастары

Пікірлер
24.12.2014
Еркін Нұржанов-Аягөз (2011)
Жазған:
Пікірі:
ереке твой музыка кл (Жауап жазу)
18.10.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
Қалқаман бауырым ама (Жауап жазу)
04.10.2014
МҰҢ
Жазған:
Пікірі:
кушты. онерин устем (Жауап жазу)
04.10.2014
Жүрексіз де көрейін өмір сүріп
Жазған:
Пікірі:
керемет туындылар. ж (Жауап жазу)
18.09.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
рахмет калкаман аа с (Жауап жазу)
21.04.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
kuwti,olen (Жауап жазу)
19.02.2014
Бақытгүл Бабаш - Бір арман емес пе ек?
Жазған:
Пікірі:
ИА қазыргы таңда акы (Жауап жазу)
19.02.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
Калкаман Сарйн акын (Жауап жазу)
26.01.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
сиздин олендеринизге (Жауап жазу)
27.12.2013
Жанабай-Аяла (жана нұсқа 2011)
Жазған:
Пікірі:
Magan ander ote unad (Жауап жазу)
Жеке бұрыш
Қош келдіңіз, Қонақ
13:25
Топ: Қонақ
Қонақ Егер тіркеле алмасан merei...90@mail.ru осы почтаға хабарлас үлкен бастық ашып береді...

Шәйхана
500
Санақ
Сайтта отырғандар: 1
қонақтар: 1
мүшелер: 0
Главная » 2010 » тамыз » 9 » Тамара АСАР: Қаншама елде жантүршігерлік жағдайлар болып жатыр. Елімде тек тыныштық болса екен
21:56
Тамара АСАР: Қаншама елде жантүршігерлік жағдайлар болып жатыр. Елімде тек тыныштық болса екен
Тамара АСАР: Қаншама елде жантүршігерлік жағдайлар болып жатыр. Елімде тек тыныштық болса екен

- Қоғамдағы қандай түйткілдер сізді мазалайды?



- «Соқырдың тілегені - екі көзі» демекші, менің тілейтінім де, мені мазалайтын да - елдің тыныштығы, бейбітшілігі, ел азаматтарының ауызбіршілігі. Қаншама елдерде жантүршігерлік әртүрлі жағдайлар болып жатыр - соғыс дейсіз бе, табиғи апат дейсіз бе, террорлық әрекет дейсіз бе… Елімде тек қана тыныштық болса екен деп ойлаймын. Кез келген қазақ «елім, жерім, Қазақстаным, Тәуелсіздігім» деп жырлап жатады, бірақ өмірде жақсы мен жаман қатар жүреді. Тек бер жағымен сайрайтындар толып жатыр маңайымызда. Жақсылыққа жаным құштар адаммын. Өмірге құштармын. Өтірік көлгірсігенді, өтірік мүләйімсігенді ұнатпаймын. Сөзі мен ісінің арасы алшақ адамдарды көргенде, ел тізгінін ұстаған ер-азаматтарымызды, ағаларымызды көргенде, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деп, іштей жиырылып қаламын. Елдік әңгіме, қоғамдық мәселеде Тамараның қосып-алары аз шығар, бірақ, кейде «дау мен даудың арасында қыз жүреді» дегендей, қайсыбір мәселеде керекке жарасақ - мен дайынмын.



- Кейбір «өлермен», яғни пысық, еңбекқор әнші қыздарымыз өз білімдерін жетілдіріп, екінші, үшінші дипломын алып жатыр, тіпті кандидаттық диссертация қорғағандар бар. Сіздің ондай ойыңыз жоқ па?




- Мен өзіммен-өзім жүрген адаммын. Жаратқан маған «мен саған аз нәрсе берген жоқпын, өзіңнен-өзің ізде» дейтіндей көрінеді. Кейде ой-толғамдарымды қағазға түсіріп жүретінім бар. Соның біразын оқыған бір құрбым: «Сен осы жазғандарыңды кеңейтіп, тақырып бекітіп, кандидаттық қорғап ал» деген еді. Жасырмаймын, болашақта ондай ойым бар. Қайсыбір ғалымдардың «шаң басып архивтерде жатқан» дүниелері сияқты немесе «кандидат» деген атақ үшін жазылған нәрсе емес, ел пайдасына жарайтын еңбек жазсам деймін.


- Ол жұмысыңыз қай салада, қай тақырыпта болуы мүмкін?


- Менің мамандығым - педагог, ойымда жүрген үлкен жұмыс та педагогика-психология саласына қатысты болады.


- «Қағазға түсіріп жүретін ой-толғамдарыңыз» не туралы? Күнделік пе? Әлде поэзия, проза ма?


- Бірер ақын-жазушыларды зерттеп жүрген жайым бар. Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын. Оларды әрине, ел таниды, олардың шығармашылығын жұрт жақсы біледі. Мен ол кісілерді басқа қырынан, яғни адами болмыс, табиғи мінез тұрғысынан зерттеп жүрген жайым бар. Олардың балалық шағынан бастап, жалпы өмірінен не білемін, қалай көріп жүрмін, солай қағаз бетіне түсіремін. Сыртынан көрсем де, бетпе-бет жүздесіп, әңгімелессем де, шығармасын оқысам да, қалт жібермей түртіп қоятын әдетім бар.


- Олар көп пе? Сіз зерттеп жүрген адамдар…

- Бізде тұлғалар көп, бірақ «сүттің бетіндегі қаймақтар» аз. Оның ішінде менің көңіліме қонатындары некен-саяқ. Қазақта жақсы сөз бар ғой, «жақсының қасына барма, атын есті» деген. Кейбір ағаларымыз, шын мәнінде, ауыз толтырып айтуға тұратын ТҰЛҒА, ал кейбір азаматтар - сыртта жүргенде арыстандай, үйде жүргенде - мысықтай. Сол сияқты, жақсы кісілердің жанына тым жақын барып, күйбең тірліктің тасасындағы пәндәуи бет-келбетін көргім келмесе де, бірақ жүрегіне жақын болып зерттегім келеді. Өзім тұлғалардың тұлғасы санайтын бір-екі адам бар, солар жайлы жазғым келеді. Тек қана айтарым - бұл ешқандай ғашықтық, немесе жеке бастың әуресі емес. Қағаз бетіне түртіп жүрген дүниелерім, бәлкім шығар, бәлкім шықпас, оны уақыт көрсетеді. Психология деген күрделі сала ғой, адам жанының шыңырауындай тұңғиық нәрсе жоқ. Оған үңілу - қиынның қиыны. Мысалы, Абайды да, Шәкәрімді де, сол сияқты көптеген тұлғаларды қаншама адам зерттеді, бірақ халыққа ұғынықты, түсінікті етіп зерттеу кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Мен адам жанын барынша түсінікті етіп жеткізгім келеді. Шамам жетсе, күшім келсе, зерттеуімнің нәтижесін көрерміз…


- Өзгені зерттеу, өзгенің жан әлеміне бойлау, әрине қиын. Ал өзіңді зерттеу - одан екі есе ауыр шығар, өйткені біз көбіне өзімізге сырт көзбен қарай алмаймыз ғой. Сіз ше? Өзіңізді зерттеп көрдіңіз бе? Қандай адамсыз?

- Өмірді қатты сүйетін адаммын. Өмірге жан-тәніммен ғашықпын. Тамара Асар десе көз алдыма өмір үшін жанталасқан шыбын елестейді. Бала күнімізде шыбынды ұстап алып, қанатын жұлып қинаушы едік қой. Ол одан сайын ызыңдап, тыпырлайтын, қоя берсең, алға қарай жүгіретін. Сосын біз бір аяғын жұлатынбыз. Ол бәрібір алға қарай ұмтылатын. Міне, сол аяқсыз, қанатсыз сүйкімсіз шыбын - мен, Тамара Асар. Өмірге тоймайтын, ешқашан қайтпайтын адам. Менің шыбыннан айырмашылығым - сол сүйкімсіздіктің өзін әдемі етіп көрсетуге тьрысамын. Сол шыбыннан шошынғандай менен де шошынбаса екен деймін. Мен - сумын. Судың кірмейтін жері жоқ. Лас жерді тазартуға тырысатын, керек жерге сіңетін, тамшымен тас тесетін сумын. Мен - кез келген фигураға ене алатын пластилин сияқтымын, айналама тез бейімделгіш адаммын. Иә, өмірді сүйген сайын қиналасың. Бұл - өмір заңдылығы. Жақсылықтан үміттенген сайын, ол сенен теріс айналып, жамандық жан алқымыңнан ала түседі. Дегенмен, өмірді шын сүйген адам ғана сол жамандықтардың бірінен соң бірін жеңуге бейімделеді.


- Болашақта әкімшілік-құқықтық орындарда қызмет етуіңіз, билікке араласуыңыз мүмкін бе?


- Жоқ. Өйткені мен тәуелсіздікті жақсы көремін. Билікке не әкімшілік жұмыстарға араласу үшін бас бостандығыңды беруің керек. Мен үшін бас бостандығы - ең қымбат нәрсе. Өнер адамы билікке араласса, онда өнерді қою керек. Ал мен - желкенін керіп, ашық теңізге енді ғана шыққан қайық сияқты, өнер айдынындағы бағытымды енді ғана айқындаған әншімін. Жауапты қызметтерден гөрі өнерде жүрсем, қазаққа көбірек керегім болады деп ойлаймын. Билікке араластың деген сөз - сен елдің, халықтың, адамның тағдырына жауаптысың деген сөз. Адамның тағдырын шешетін адамда әпенділік, әпербақандық, жауапсыздық болмау керек. Біз мұндайды жиі көріп жүрміз… Ал егер қандай да бір қажетке жарап жатсам, «осы тірлік сенің ғана қолыңнан келеді» деп жұрт талап етіп жатса, онда, мүмкін басқа салада да өзімді сынап көрермін. Бірақ «байтал шауып бәйге алмайды» деген қағидаға көбірек жүгінемін. Мен үшін әйел - ең алдымен, отбасының қазығы. Біз істейтін, біз тындыратын шаруа онсыз да шаш-етектен. Сондықтан біз ер-азаматтармен жағаласпай, керісінше, оларға жағдай жасап, баптап, күтіп, «жақсысын асырып, жаманын жасырып» отырсақ, соның өзі бізді біраз биікке шығарады.


- Айлық кірісіңіз бен шығысыңыздың орташа мөлшерін айта аласыз ба?

- Әншілердің айлық кірісі - құдайдан тасаттық беріп тілеп алған жаңбыр тәрізді. Біз халықта қуаныш, той көп болғанын тілейміз. Біздің табысымыз соған байланысты. Егер халықтың жағдайы жақсы болса, той көп жасаса, біздің де қалтамыз қалың. Бірақ мен «осы айда осынша таптым» деп ешқашан санаған емеспін. Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Ақша мен үшін - қозғалыс құралы. Алға қойған мақсатыңа жету үшін негізгі және көмекші құрал. Ал мен мақсатсыз бір күн өмір сүрген емеспін. Ылғи мақсатым болады. Менің өмірлік ұстанымым - басты тік ұстау. Ақшаңыз көбейгенде - бақыттан басыңыз айналып, шалқайып кетеді. Ақшаға кіріптар болсаңыз - мойныңыз салбырап, еңсеңіз түсіп кетеді. Мойын омыртқа мықты болып, осы екеуінің арасын тең ұстаса, басты түзу ұстаса - адамның мықтылығы сол. Денсаулығым үшін де маған ең алдымен ақша керек. Әрине, мен де әйел ретінде жақсы киінгенді, сахнаға жарқырап шыққанды, әдемі жүріп-тұрғанды қалаймын. Бірақ… Алла тағаланың бір дүниені кем етіп қойғаны, бір жағынан, жақсы. Шелектің түбі тесік болса, оған қанша су құйсаң да, тасымайды. Менің де сондай «жыртығым» бар, мені асытпайтын, тасытпайтын… Сол жыртығымды бүтіндеу менің бірінші міндетім. Денсаулығыма керекті құралға алғаш рет қол жеткізгенде Құдайға мың шүкірлік айтқанмын. Өз қолым өз аузыма жетіп, екі аяғымды тең басатын болдым деп қуандым.


- Қолыңызға алғаш рет қомақты қаржы ұстағанда қандай күйде болдыңыз? «Буы» сезілді ме?

- Ақшаның «буы» ыстық болады. Күйдіріп жібереді. Мұны бала кезімде-ақ сезінгенмін. Әлі есімде, шамамен төрт-бес жастамын. Менің атам да, әкем де - сынықшы. Бір күні үйге аяқ-қолы сынған біреуді алып келді туыстары. Атам көп сөйлемейтін кісі еді. Бірақ қас-қабақпен ұқтыратын, мысы басатын, сұсты кісі еді. Үн-түнсіз, сынықты салып, жақсылап орап берді. Әлгі кісі «әруаққа байлағаным болсын» деп, менің қолыма үш сомдықты ұстатты. Орыстың рублінің кезі ғой. Үш сом деген бала үшін үлкен ақша. Өмірімде тұңғыш рет ірі ақша ұстағаным - осы. Бірден нәскиімнің қонышына сүңгітіп жібердім. Үш сом аяғымды қыздырып, қарып барады. Түсіп қалды ма деп қайта-қайта қарап қоямын. Үш сомым барын аға-әпкелерімнің ешқайсысына айтпадым. «Тартып алар» деп қорықтым. Содан үш сомды қалтама салып алып, дүкенге қарай зыттым. Екі өкпемді қолыма алып, дүкенге жүгіріп кірген бойда, сатушыға: «Маған аяқкиім беріңізші», - дедім. Сол күні әлгі үш сомға бір күздік бәтеңке, бір жаздық сандал сатып алдым. Қазір ойлап отырып таңғаламын. Небәрі төрт-бес жастағы баламын. Мен неге аяқкиімге құмарттым екен? Неге бала болып тәтті-мәтті, тым болмаса көйлек сатып алмадым екен деп ойлаймын…


- Өткен күндер елесіне сүңгіген сәттеріңізде қандай суреттер көз алдыңызда көлбеңдейді? «Негативтер» ме, «позитивтер» ме?




- «Позитивтер», Қайғылы күндерім мен келеңсіз сәттерімді ойламауға, еске алмауға тырысамын. «Алла сүйген құлын сынайды». Мен үшін өмір сүрудің өзі - бақыт. Өмірді «несиеге» алған адаммын. Сондықтан оның қадірін жақсы білемін…


- Сіздің жол апатына ұшыраға-ныңызды, оның салдары қалай болғанын біреу білер, біреу білмес… Дегенмен, өмірді қалай «несиеге» алғаныңызды айтып беріңізші…


- Ағам үйленетін болып, тойдың қарбаласымен жүрген шақ еді. Әкем, ағам үшеуміз көлікте келе жатып, жол апатына ұшырадық. Аяғым тіземнен кесіліп түсті. «Өлімнен ұят күшті». Сол сәтте біреу көріп қоймасын деп, кесіліп жатқан аяғымды жалма-жан дорбаға салдым да, жарты аяқ қалған денемді үстімдегі тонмен жаба қойдым. Әкем аман, қорыққанынан ағам екеуміздің ортамызда сасқалақтап жүр. «Көрер жарығың бар екен, балам. Қорықпа, жалғатып беремін» деген сөзді қайталай берді. Әкемді «тәте» дейтінмін. «Тәте, алары бар Құдайдың берері бар, Берік аман ба, қарашы» дедім. Ағамның да аяғы сыныпты. Ауруханада ұзақ жаттық. Сол сәтте «егер мен жыласам, әкем мен шешем қоса қайғырады» дегенді ойлап, өзімше батыр қыздың бейнесін жасап алып, өмір сүрдім. Ойымдағы өзім жасап алған батыр Тамараның образы мені алға жетелеп, өмір сүргізді. Жол апаты менің аяғыма ғана емес, денсаулығыма да үлкен залал әкелді. Белім, жамбасым сынды, ішіме темір кіріп кетті. Әкем дәрігерлерге: «Аяғын сендерге бердім, бірақ белі мен жамбасына тимеңдер» депті. Менің атам сынықшы болған. Әкем де сынықшы. Үйге талай адамдар қан-жоса болып келіп, емделіп кететін. Тіпті, сынған сүйегі терісіне ғана ілініп тұрған талайларды көрдім. Бала кезімнен қан көріп өстім десем болады. Жол апаты кезінде аса қатты шошымай, өзімді бірден қолға алып, тас түйін болып бекуім де сондықтан болар. Құдай сол жолы мені ғана емес, әкемді де сынағандай болды. «Өмір бойы сынық салып жүрсің, енді өз балаңды емде» дегендей. «Қолым қызымның тәніне тимесін» деп, ол әпкемнің қолының сыртынан ақ матамен ұстап отырып, сынықтың бәрін өзі салды. Небәрі жиырма бір-ақ жаста едім. Кейін Самат есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Өмірге балам келді. Бірақ Самат екеуіміздің дәм-тұзымыз жараспады. Баламды босанған соң, денсаулығым күрт төмендеп кетті. Қатты ауырдым. Төсек тартып, жатып қалдым. Бойымнан қатерлі ісік табылды. Күйеуіме рұқсат беріп, Мәскеуге операция жасатуға аттандым. Мәскеу ауруханаларының бірінде жатып: «Е, Алла, өзің жар бола гөр! Өмірімді қанша рет сақтап қалдың, бұл жолы да мейіріміңді төге гөр! Өмірімді, ең болмаса, несиеге берші!» деп жалбарындым. Сонда наркозда жатқанда, түс көрдім. Өзімді өліп қалған екенмін деймін. Жаным тәнімнен бөлініп шығып, өзім өлгеннен кейінгі өмірді көріп жүр екен. Туыстарымның жылап жатқаны, Қамбарымның жетімсіреп «мамалап» іздегені, өзге біреудің үйінде асыранды атанғаны, бауырларымның өксігі - бәрі көз алдымнан өтіп жатты. «Баламды қайтемін» деп аласұрдым. Сондағы айтқаным: «Тамара, сен Қамбарың үшін өле қалсаң да өлмейсің» деп өзімді жинап алдым. Бір қызығы - өлуден қорыққан жоқпын. Дегенмен, Алла жоғалтқаныңның орнын міндетті түрде толтыратындығы анық. Ақысыз ештеңе болмайды, «мен төлем төлеп жатырмын» деп өзімді жұбаттым. Шашым беліме түсетін. Бір күні ауруханадан қашып шығып, «шашымды да төлемге берейінші» деп, желкемнен кесіп тастадым. Менде ешқандай қорқыныш болған жоқ, тек ұлым Қамбардың болашағы үшін алаңдадым. Мені қиындықтардың бәрінен балама деген шексіз аналық махаббатым алып шықты.


- Ал сіздің әнші болып қалыптасуыңызға сол қиындықтар себепкер болды деп айта аласыз ба?

- Солай десек те болады. Менің мамандығым педагог екенін айттым. Жол апатынан кейін, алғашында жағдайым нашар болып, реанимацияда біраз жаттым. Сонда есім кіресілі-шығасылы жатып, айқайлап ән айтыппын. Оны өзім білмеймін. Кейін операциядан шыққан соң, аурухананың дәлізінде, арбада отырсам, бір реаниматолог жігіт өтіп бара жатып, «Қалайсың, әнші қыз?» деп амандасты. Ол кезде сахнаны іштей аңсап, қиялға шомып жүрген, небәрі жиырма жастағы арманшыл да ақымақ бойжеткенмін. Ақымақ Тамараның сонда ойлағаны: «Менің әнші екенімді қайдан біледі?» деп ойладым. Ол жігіттің сөзі біртүрлі құлағыма жағып, қатты қуанып қалғам. Кейін бір кездескенде: «Әнші екенімді қайдан білесіз?» деп сұрадым. Сөйтсем, операция кезінде тоқтамай, айғайлап ән салыппын. Мұны естігенде, «қап, әбден қуыппын-ау?» деп ұялып қалдым. Ал олар «оянған соң өзіне оқытамыз» деп, әннің сөзін жазып алыпты. «Қайран, қайғысыз қамсыз күндерім, Сайран, сауықты рахат түндерім…» Бұл сөздерді оқып, өз ішіме өзім сыймай, енді «менің ақындығым ашылған екен» деп масайрадым. Өлеңді ары қарай жалғастырғым келеді, болмайды. «Жарайды!» дедім де, қойын дәптерімдегі өзімнің авторлық шығармаларымның тізіміне енгізіп қойдым. «Кейін бітірем» деп қоям өзімше. Кейін режиссерге барып, «реанимацияда жатқанда осындай жаңа өлең, жаңа ән туды» десем: «Тамара, бұл бұрыннан айтылып жүрген ән» дейді. Арада бір-екі жыл уақыт өтті. Бір күні қолыма Шәкәрімнің кітабы түсті. Ашып қалып едім, тура әлгі өлең көзіме оттай басылды. Сөздері таныс. Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бала күнімізде бәріміз де жаттадық қой ол өлеңді. Бірақ ол кезде бұл ән аса көп айтылмайтын. Рамазан Стамғазиев пен Жанар Айжанованың айтқанын ғана естідім. Содан бері бұл ән - бойтұмарым. Қазір күліп еске алғаныммен, мені талай нәрседен құтқарған осы ән. Бұдан кейін менің екінші өмірім - өнердегі өмірім басталғандай сезіндім. Бұл әннің алдында мен әлсізбін. Орындаған сайын алғаш рет айтып тұрғандай қобалжимын. Алғашында Ақтау қаласында жаздырдым, сосын Мәскеуге барып жасаттым. Бейнеклиптің де ыңғайы тез келе қалып, жолы ашылып кетті. Шынында да, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», бұл әнді айтқаннан кейінгі өмірім де бұрынғы өмірімнен басқаша.


- Бала кезіңізде Маюри болып билепсіз, сол үнді фильміндегі Маюридің өмірі сіздің тағдырыңыз болып дәлме-дәл қайталаныпты… Бұл не? Кездейсоқтық па, әлде…


- Кездейсоқтық деп ойламаймын. Тағдырдың жазуы, Алланың белгісі шығар. «Алла тағала маңдайыңа не жазса, соны көресің» деген сөз рас екен. Әйтпесе, мен үнді биін билеймін дегенде дәл сол «Маюри» фильміндегі әуенді арнайы таңдап алған жоқпын. Тіпті, ондай фильм барын білмейтін едім. Сегізінші сыныптан бастап Алматыда оқыдым. Мектебімізде күзгі бал өтетін болып, сол кеште үнді биін билеймін деп қызу дайындалдым. Әпкем Лаура әдемі көйлек тігіп берді. Етегіне жылтырақтар жапсырып, бет-аузымды әдемілеп бояп-сылағанда, аумаған үнді қызы болдым да қалдым. Сонымен билеп жатырмын. Бір уақытта табаным тыз ете қалды. Шөлмектің сынығы кіріп кетіпті. Мен тоқтамай, биімді соңына дейін жеткіздім. Аяғым қанап, жерге шимайлап із қалдырыпты. Бірақ мен ет қызуымен мұны байқамаппын. Барлығы қол соғып, қошемет көрсетіп жатыр. Сол күні ерекше бақытқа кенелгенім есімде… Бір қызығы, «Маюри» фильміндегі музыканы таңдап алыппын. Маюри - әйгілі биші, кейіннен жол апатына түсіп, бір аяғынан айырылады. Бірақ ол тағдырының басқа салғанына мойымай, аяғына протез киіп, қайта сахнаға шығады. Бір бұл емес, қазір ойлап қарасам, Алла тағала маған бірнеше рет ескерту жасапты. Бала күнімде бір емес, екі аяқ киім сатып алғаным… Маюри биі… Бір күні, жол апатының алдында ғана болатын, түс көрдім. Тек билегенде киетін туфлиім бар еді, түсімде соның бір сыңарын жоғалтып алыппын. «Енді не істеймін» деп қиналып жүрмін. Бір кезде жанталасып, туфлиімнің екінші сыңарын ағаштан жонып алыппын. Аяғыма киіп көріп, ойлап қоямын: «Анау сыңарына онша ұқсамайды, сәл қаттылау, бірақ болады ғой…» деп қоямын. Қиналып ояндым. Бастырылып қалыппын. Пора-порам шығып терлеп жатыр екенмін. Түсім есіме түскенде, бірден «менің аяғым сынып қала ма» деп ойладым… Аздап қателесіппін… Одан үш-төрт жыл бұрын Алматы протез зауытына келіп, бір қызға протез жасатқаным және бар. Ең жақын құрбымның әпкесі еді. Ол да бір аяғынан айырылып, арбаға таңылған болатын. Сол қыздың туған күніне сыйлығымыз болсын деп, Алматыға әкеліп, протез жасайтын шеберге апарып, тапсырыс беріп… әйтеуір, осы процестен бастан-аяқ өзім алып шығып едім. Тура сол жағдай көп ұзамай өз басымда қайталанды. Қайда протез жасайды, қалай жасайды… бәрін білетінмін… Тура сол шебердің алдына қайта келдім… бірақ бұл жолы өзіме жасату үшін… Мен тағдырдың белгілеріне сенемін. Өткен өміріме көз жүгіртіп, сенбеске лажым жоқ…


- Сізге жиі көрінетін ақ тазы ит туралы айтып беріңізші…


- Мен «өліп жатқанда» мені тірілткен - Шәкәрім атаның әні. Ол кісінің басына барып, құран оқытуды парыз санадым. Шәкәрім бабамыздың мазарына бара жатып, жолда Ералы атаның басына тоқтадық. Ол кісінің әруағына бағыштап құран оқып отырғанымызда, жанымызға бір әппақ тазы ит келді. Қолымызды жайып отырғанда, әлгі ит жанымызда аяғын бүгіп отырды. «Айдалаға бұл ит қалай келген, қайдан келген?..» деп таң-тамаша болып, қайта-қайта қарап қоямын. Кейін қасымдағылардан сұрасам, ешқайсысы көрмепті. Сөйтсем, ол маған елес болып көрінген ит екен. Мен елестерге сенемін. Бекет атаның басына барсаңыз, міндетті түрде арқар көресіз. Кейде тіпті жақыннан көресіз. Мұндай жағдай менің басымнан бірнеше рет өтті. Кейін үлкен кісілер әлгі итті Ералы атаның өнерлілерге қонар бейнесі деп түсіндірді. Меніңше, адамдардың бәріне де елес көрінеді. Бірақ көп адамдар оған мән бермейді, көңіл бөлмейді. Адам өзін-өзі жетік танығанда, ақиқатты танығанда, өзімен-өзі тілдескенде ғана ел көрмейтінді көреді. Бұл құбылысты екі жағдайда түсіндіре аламын. Біріншісі - медицинада мұны «ағзаның шаршауынан» деп түсіндіреді. Мен он жеті рет наркозда жатқан адаммын. Ол да әсер еткен шығар. Қанша қиындықты артқа тастап, қайта туып, жаңа парақты неден бастаймын деп жүргенде маған көптеген елестер көріне бастады. Екіншісі - рухани жағынан түсіндірсем, жаның мен тәнің қатар қиналып, тек Аллаға ғана жалбарынып жүргенде, он сегіз мың ғаламнан түсінісер адам таппай, сан мыңдаған тіршіліктен жауап іздегенде түрлі елестер көріне бастайды екен. Бұл - адам жанының күйбің тіршіліктен биіктегені болса керек. Қанша рет өліп-тірілген адам өмірге басқаша қарайды…


- Шығармашылығыңыз туралы аз-кем айта отырсаңыз. Сіз концерт бермегелі де үш жыл уақыт өтіпті… Концертке дайындығыңыз қалай?




- Иә, 2007 жылдың күзінде алғаш рет концерт қойып, халық алдында есеп берген болатынмын. Концертке жарты жыл емес, бір жыл емес, он жыл бойы дайындалған едім. Бұл менің ішімде әбден пісіп-жетілген жоба еді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген бар ғой. Мен сол «кесетін» уақыты келгенде әкімнің алдына кірдім. Қырымбек Елеуұлы мықты саясаткер, үлкен тұлға. Ол кісі маған бір-ақ сұрақ қойды: «Сен таңғалдыра аласың ба?» деді. «Жоқ» деп айтсам, керегімді ала алмаймын. «Білмеймін» деп күмілжісем, ол кісінің сенімсіздігін оятамын. Сондықтан өзіме-өзім сенімді түрде «иә!» дедім. «Таңғалдыру үшін сіз маған мүмкіндік беріңіз» дедім. Сөзге тоқтаған қазақпыз ғой, «мен саған сенемін!» деді. Қолынан келген көмегін жасады. Жолымдағы жарықтың барлығын «жасыл» етіп жандырды. Сол «иә»-ға сай болу үшін, елдің сенімін ақтау үшін мен де аянбауға бел будым. Мәселен, екі жас қосылғанда ата-анасы, туған-туысы жастардың тойын жасап, отауын құрып, еншісін беріп, бөлек шығарса, олар ары қарай жақсы отбасы болып кетеді, қиналмай өмір сүреді. Ал егер ата-ана, туған-туыс тарапынан қолдау көрмесе, екеуі қайыршы болып кетеді.


- Қазіргі қазақ эстрадасының кемшілігін айта аласыз ба?


- Бізге көркемдік кеңес керек. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаса, сахна киесінен қорықпайтындар, жоғары талғамның қандай екенін ұқпайтындар қаптап бара жатыр. «Әр молда білгенін оқиды» демекші, әр әнші білгенін жасап жүр. Кейде концертті көріп отырып, «түһ, сахнаны осылай қорлауға бола ма?!» деп ашынып қаламын. Кейбіреулер сахнаға бір рет шығуды өмір бойы армандайды. Ал біз сахнаны соншама арзандатамыз. Біз шын сынға, достық адал ниетпен айтылар сынға зәруміз. «Сен мынадай ән айтпа, анау киімің сахнадан нашар көрінеді, оны киме…» деп, біздің кемшілігімізді дұрыс айта білетін сыншылар керек. «Мені 3 мың адам таныса болды, зал толса болды» деп, қалай болса солай концерт өткізер болсам, жылда өткізуге болар еді. Бірақ олай өткізгім келмейді. Бар білетінім өнер болған соң, сол өнердің бір пұшпағын дұрыстап ұстағым келеді. Сондықтан бар күш-жігерімді жұмсағым келеді.


- Сіздің репертуарыңызда махаббат туралы ән жоқтың қасы. Соған қарағанда, сіз ешқашан ғашық болмаған, махаббаттың не екенін сезініп көрмеген сияқтысыз…


- Сіз қалай ойлайсыз, махаббатты сезінбеген болсам, осыншалық қайрат менің бойымнан табылар ма еді? Адам ғашық болмаса, сүймесе, қиындықпен күресе алмайды. Ешнәрсеге қол жеткізе алмайды. Тағдырдың салғанына қаншалықты төзсем, соншалықты біреуді сүйгенім деген сөз. Махаббат - мәңгілік тақырып, тұңғиығы терең тақырып. Менде сезімнен қалған жара да бар, жараны емдер амалым да бар. Қазір мен күйіп-жанған сезімнен гөрі, өмірлік жар болар адамымды ғана іздеймін. Тұрмыс құру ойымда жоқ емес. Өзіме серік болар сенімді адамымды тапқан күні-ақ барлығын тастап, тұрмысқа шығуға дайынмын…


- Біз сізге тілектеспіз!


Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

Категория: Сұхбаттар | Просмотров: 13819 | Добавил: Bamxana | Теги: Тамара Асар | Рейтинг: 3.3/6
(43.31 Kb, 468x60)
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]