бейсенбі, 22.04.2021, 14:30

Қазақ Жастары

Пікірлер
24.12.2014
Еркін Нұржанов-Аягөз (2011)
Жазған:
Пікірі:
ереке твой музыка кл (Жауап жазу)
18.10.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
Қалқаман бауырым ама (Жауап жазу)
04.10.2014
МҰҢ
Жазған:
Пікірі:
кушты. онерин устем (Жауап жазу)
04.10.2014
Жүрексіз де көрейін өмір сүріп
Жазған:
Пікірі:
керемет туындылар. ж (Жауап жазу)
18.09.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
рахмет калкаман аа с (Жауап жазу)
21.04.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
kuwti,olen (Жауап жазу)
19.02.2014
Бақытгүл Бабаш - Бір арман емес пе ек?
Жазған:
Пікірі:
ИА қазыргы таңда акы (Жауап жазу)
19.02.2014
САҒЫНЫШ
Жазған:
Пікірі:
Калкаман Сарйн акын (Жауап жазу)
26.01.2014
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Жазған:
Пікірі:
сиздин олендеринизге (Жауап жазу)
27.12.2013
Жанабай-Аяла (жана нұсқа 2011)
Жазған:
Пікірі:
Magan ander ote unad (Жауап жазу)
Жеке бұрыш
Қош келдіңіз, Қонақ
14:30
Топ: Қонақ
Қонақ Егер тіркеле алмасан merei...90@mail.ru осы почтаға хабарлас үлкен бастық ашып береді...

Шәйхана
500
Санақ
Сайтта отырғандар: 1
қонақтар: 1
мүшелер: 0
Главная » 2010 » тамыз » 11 » Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ: Егер мен сол істі жасасам да, соны мен жасадым деп айтамын ба?Айтқыш болса, Нұржан осындай шындықтарды неге айтпады..?
13:37
Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ: Егер мен сол істі жасасам да, соны мен жасадым деп айтамын ба?Айтқыш болса, Нұржан осындай шындықтарды неге айтпады..?

Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ: Егер мен сол істі жасасам да, соны мен жасадым деп айтамын ба?Айтқыш болса, Нұржан осындай шындықтарды неге айтпады..?


-Уәлибек аға, «Ауылына қарап азаматын таны»-демекші өзіңіз қай ауылда дүниеге келдіңіз?


-Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының, Шәуілдір елді-мекенінің топырағында дүниеге келгенмін. Бұл елдің жеріне, топырағына сор араласып кеткен. Ештеңе еге де алмайсың. Тіпті, мал жайылатын жер жоқ, мал жайылатындай ол жерден шөп те таппайсың! Ал кішкентай күнімде менің осы сор басқан ауылымды жұрттың бәрі қасиетті жер деп айтатын еді. Сонда «Қыс бойы батпақ кешіп жүрсең, жазы ми қайнататындай ыстық болса, ал күз бен көктем мезгілдерінде Арыстанды Қара Бастың дауылы ұрып тұратын болса, бұл жердің несі қасиетті?» - деп ойлайтын едім. Сөйтсем, кейінірек ес кіріп жан-жақты көргеннен кейін барып, мен өзім туылған мекенімнің қасиетті жер екенін түсіндім. Бұл жердің табиғаты нашар болғанмен де, адамдары қасиетті екен деп ойладым. Өйткені, тура менің ауылымның күн шығысында Отырар деген қала бар. Сол күншығыстан Солтүстік Батысқа қарай, Арыстан Бап әулиенің кесенесі тұрса, мына шетінде Сырдария мен Арыс өзені ағып жатыр. Мінекей, мен осындай қасиетті топырақта туып-өстім. Бұрынғы кезде тіпті «біздің Шәуілдір ауылы осындай»- деп айтуға ұялатын едім. Кейіннен, «Арыстан Бап әулие бекерден-бекер сол топырақта жатпайтын шығар» деп іздене келе, ауылымның тарихына қанық болдым. Беделі барлық жерден биік болып тұратын әулиелі мекеннің алды осы Шәуілдір мен Отырарда екенін кейін түсіндім.


-Өзіңіз тәрбиеленіп өскен отбасыңыз жайында кеңірек әңгімелеп берсеңіз..?


-Әкемнің есімі- Әкімқұл, мектепте география және биология пәндерінен қырық бес жылдай ұстаздық еткен жан. Кезінде Мәскеу көрмелеріне дейін қатысқан мұғалім болды. Әкем біздің ауылға ең алғаш көкөніс әкелген азамат. Арыстан Бап әулие кесенесінің жанына шие, алма ағаштарын отырғызған кісі. Өзі сондай еңбекқор. Әлі күнге дейін бір орында тыныш жатпайды. Кетпен мен күрегін ұстап, бау-бақшаның ішінде жүреді. Біз бала күнімізден бастап, бау-бақша егуден әбден ығырымыз шыққан. «Мына бала шаршады-ау, дем алсыншы»-деген түсінік әкемде мүлде жоқ. «Шаршасаң, аздап деміңді ал да, қайтадан жұмыс істе!»-дейді. Ал анамның есімі- Күләйша, өнерге өте жақын адам болды. Маған да өнер нағашы жағымнан дарыса керек. Анам көп жылдар ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан ардақты кісі еді. Қолөнер шебері болатын. Ол кісінің тоқыған кілемдері шет мемлекеттерге дейін сатылды. Кезінде КСРО суретшілер одағының мүшесі болған. Бүгінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Бірақ, өкінішке орай, ол кісі өмірден ерте озды. Аллаһқа шүкір, анамыз батыр ана болды. Отбасында он ағайындымыз. Ең үлкен ағамның есімі - Оразбек. Аллаһ Тағала ол кісінің бір бойына барлық өнердің түрін жиып бере салған екен. Ол оныншы сыныпта оқып жүргенде, Мәскеуден бүкіл Одаққа Лениннің 100 жылдығына байланысты көрмеге қойылатын тоқыма кілемдер мен шебер суреттер жіберу керектігі хабарланды. Одан үздік шыққан қолөнерлер мавзолейде тұрады деп айтылды. Осы көрмеге біздің ауылдан менің ағам Лениннің бейнесін жасап, кілем тоқып жіберді. Сол ағамның жасаған дүниесі одақ көлемінде ең үздік деп танылып, көрмеде ілулі тұр. Ол жақтан ағама шақырту қағазы да келген еді, әкем: «балам орысша білмейді»-деп жібермеді. Оныншы сыныпты бітірген соң, сол ағам өз білімімен Жамбыл қаласындағы Техникалық институтқа оқуға түсті. Керемет математик болды. Самбо күресінен спорт шебері, чемпион болды. Сондай-ақ, музыкант болатын. Баян тартатын еді. Жиырма бес жасында Қызылордадағы күріш зауытының директоры болды. Бірақ, өкінішке орай, ол кісі жиырма жеті жасында жол апатынан қайтыс болды. Жеңгеміз екі баласымен қалды. Жеңгемнің есімі - Майгүл Жәлелқызы, технология ғылымдарының докторы, профессор, қазір Алматы қаласындағы Алматы Технологиялық университетінің факультет деканы. Үлкен ұлдары Дәурен біздің отбасымызда тәрбиеленді. Жеңгеміз «Мен тұрмысқа шықпаймын. Оразбектің ақ төсегін былғамаймын»-деп, кіші баласы Мәуленмен қалды. Бүгінде Мәуленінен үш немере сүйіп, әдемі әже болып, Алматы қаласында тұрып жатыр. Одан кейінгі әпкемнің есімі - Шекер, ол кісі Түркістан қаласында мұғалім болып қызмет атқарады, отбасылы, балалы-шағалы. Сосын, Оралбек атты ағам бар. Ол кісі оқымай қалды, ауылда көлік жүргізушісі. Одан кейін, Пернебек есімді ағам - Түркістан қаласындағы банктің бастығы. Содан соң, менімен тете өскен Алуа атты әпкем бар. Ол кісі жас күнінде биші болды. Ал өнері өзінің ұлы Айбекке дарыпты. Ол бүгінде жастар арасында «Майкл Джексон»-деген лақап атпен белгілі биші жігіт. Менің туған жиенім. Одан соң, Жарқынбек деген інім бар. Ол мұнай саласында қызмет етеді. Ал Майра атты қарындасым - Арыс қаласында мектеп директоры болып қызмет атқарады. Себебі, әкем: «Мұғалімдік, бала-бақша, кітапхана әйел адамына ыңғайлы»-деп қыздарының барлығын мұғалімдік оқуға түсірген еді. Одан кейін, Мейрамбек есімді інім бар. Ол Алматы қаласында заң қызметкері. Ең кенже қарындасымыз - Бәдигүлжамал. Ол кісінің есімін неге мұндай ерекше десеңіз, оны да айта кетейін. Анамның түсіне бір қария еніп: «Қыз туасың, шырағым! Есімін Бәдигүлжамал қой»- деп айтқан екен. Ол қарындасым бүгінде өзінің отбасымен бірге Жетісай қаласында тұрады, білім саласында еңбек етеді. Ал осы бауырларымның ортасында өскен мен өнер жолын қудым.


-Бала күніңізде қатарластарыңыздан өзгешеленіп тұратын бойыңыздан қандай да бір ерекшелік сезінетін бе едіңіз?


-Әр адамға өзінің балалық шағы керемет тәтті, қимайтын, пәк ойында тек арман - қиялдар ғана болады ғой. Кейбір өнер адамдары бар ғой «Кішкентайымнан мен ерекше болып өстім» -деп айтатын. Мен өзімді ондай ерекше бала болып өстім деп айта алмаймын. Себебі, мен отбасындағы ортаншы ұл болдым. Алдымда аға-әпкелерім және соңымнан ерген іні- қарындастарым болды. Сондықтан болар, мен ата-анамның ерке баласы болмадым. Біздің кезімізде қазіргі уақыттағыдай кез-келген жерде суретке түсіру деген жоқ. Ол кезде фотограф соңғы қоңырау сияқты мерекелік кештерде аудан орталығынан келіп, арнайы суретке түсіріп кететін еді. Тіпті сондай суретке түсетін қаражатты және достарымызбен бірге жиналатын отырыстардың барлығына қосылатын жинайтын ақшаны табу үшін ауылда кесек құйып жұмыс істеп, қаржыны өзім табатынмын. Ата-анам артық ақша қолымызға бермейтін. «Егер сен отырысқа барғың келсе, өз ақшаңды еңбектеніп тап!»-деп айтатын еді. Бұл отбасының ақшадан таршылық көргенінен емес, ата-анамның бізді кішкентайымыздан еңбекке баулығаны деп білемін. Менің негізгі жұмысым - сабақ оқу, малға қарау, малға азық дайындау, үйдің бау-бақшасын күту деген сияқты шаруалар болатын. Сонда теледидардан - қалада жүрген адамдарды көріп, «Шіркін, біз де осындай күнге жетер ма екенбіз?»-деп қатты қиялдайтынмын. Ол үшін тек қана білім керек екенін, білімді болып қана қалаға кетуге болатынын түсінетінмін. Менің өмірде ең бір қатты қуанған сәтім ол - оқуға түскен кезім. Себебі, өмірімнің жаңа арнаға бұрылатынына, үлкен ұстаздардан тәлім-тәрбие, білім алатыныма қатты қуандым. Тіпті оқуға түскеніме көпке дейін сенбей жүрдім. Жас күнімде гитараға қатты әуес болдым. Гитараны қораның үстінде тығылып отырып үйренетінмін. Оны көріп қойса, әке-шешем ұрысатын еді. Күреске де қатты қызығатынмын. Үйдің шаруасын бітіріп, арасында үйден қашып кетіп жаттығуға барып келетінмін. Аудандық күреске жарысқа барып, жүлде алып келген кезімде, әкем мені спортқа қарай кетіп қала ма деп қорқып, күрестен де шығарып алған болатын. Қазір қаланың балаларын әке-шешелері қолынан жетектеп музыка мектебіне, спорт мектебіне апарып жатады. Балалары «оқымаймын» десе, оған ата-аналары «неге оқымайсың?» - деп ренжиді. «Әке-шешесі «оқы, үйрен»-деп сүйрелеп жүргенде, балалары неге оқымайды екен?»- деп, іштей қатты таң қаламын. Себебі, біздің уақытымызда мұндай болмады. Адам бала күнінде көп дүниені армандайды ғой. Ал менің сол бала күнгі пәк армандарымның бірі - осы өнер еді. Өнерге қатты қызығатынмын.


-Өзіңіздің бір сұхбатыңызда : «Әкем менің заңгер болуымды қалап еді. Менің -әртістікке кеткен жолымды жақтырмады.Теледидардан «Шаншардың» концерті беріліп жатса, бірден басқаға арнаға ауыстырып жібереді» деп айтып едіңіз. Әкеңіз әлі күнге дейін өнеріңізге қарсы ма?


-Әке-шешемнің көзқарасы бойынша, мен ауылдан кетпей, әртістік жолды қумай, ауылда тұра бергенім дұрыс еді. Кеңес Үкіметі кезінде заңгер мамандығын дайындайтын екі-ақ оқу орны болатын. Оның біреуі -ҚазҰУ, екіншісі - ҚарМУ. Бұл екі оқу орнына оқуға түсу де оңай дүние емес еді. Сол уақыттарда балаларын заң факультетіне оқуға түсіру үшін, ата-ана бір мәшиненің кілтін беретін еді. Ал ол уақытта бір мәшиненің кілтін беру деген сұмдық дүние ғой! Ал бірақ, заң факультетіне оқуға түсуге ол кезде менде де сондай мүмкіндік болып тұрды. Құжаттарымды заңгер мамандығына тапсыруым үшін әкем мені бір күні бойына үгіттеді. Бірақ, мен әкеме: «Егер де мен араб тіліне оқуға түсе алмасам, онда ауылға қайтамын. Қой бағып, басқа жұмыс істеп жүрермін. Бірақ, мен заңгер бола алмаймын»- деп айттым. Мұны мен бір білгіштіктен емес, «Мен араб тіліне оқуға түспесем, онда мен мүлде оқымаймын»- деген мақсатта айтқанмын ғой. Өйткені ол кездегі менің бар арманым- араб тілін оқып үйрену еді. Себебі араб тіліне қатты қызығушылығым болды, меңгергім келді. Ал мектеп қабырғасында жүргенде араб тілін аздап білетін едім. Соны жетілгіргім келді. Егер де мені сол кезде әкем араб тілін меңгертпей, заңгерлікке дайындағанда, мен онда заңгер мамандығына жылап барып түсетін бе едім, кім білсін?! Бірақ, Аллаһ Тағала менің маңдайыма араб тіліне оқуға түсуді нәсіп еткен екен. Ал енді бүгінде, әкем мені: «Менің балам әртіс»- деп мақтан тұтпауы мүмкін. Бірақ, көпшілік танымайтын адамдарға өзін таныстыру үшін, «Мен «Шаншардағы» Уәлибектің әкесімін»-деп, сол үшін ғана «Шаншардың» атын пайдаланатынын мен жақсы білемін (күліп).


-Жұбайыңыз туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Жеңгемізбен қашан танысып едіңіздер?


-Мен университет бітіргеннен кейін, Шымкент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №26 қазақ орта мектебінде араб тілінен сабақ бердім. 85 жылдары бүкіл Республика бойынша, екі-ақ жерде араб тілі оқытылатын еді. Соның бірі - осы Шымкент қаласында болды. Ол уақытта менің алдымдағы інім үйленіп алған болатын. Ал мен бойдақ едім. Өзім қызметімді істеп, «Мәскеу арқылы шет елге шығып кетсем» деп армандап жүретінмін. Ол кезде ата-анамыздың түсінігінде, отбасындағы балалары өзінің жолымен отбасын құруы керек. Мен бұл үрдіске онша мән бермейтін едім. Онда тұрған ештеңе жоқ қой. Дегенмен, ата -анам менің тез арада және жылдам түрде үйленуімді қалады. Содан, Гүлзада жеңгемнің «Осындай қыз бар. Мектепті жаңадан бітірген. Ресей жерінде оқып келген. Өзі дүкенде жұмыс істейді. Өте сыпайы, отбасы да тәрбиелі, сізге лайық»-деп айтуы бойынша қызбен танысатын болдым. Жеңгем қызды үйге тамаққа шақырды. Содан таныстық. Дос ретінде араласатын болдық. Ал мен ол кезде Шымкентке Арыс қаласынан қатынаймын. Таңертең ерте келіп, сабағымды беремін де, Арысқа қайта қайтып кетемін. Ал кей уақыттарда үйге бармай, жаңағы қызбен кездесуге қаламын. Осындай уақыттарда екі ортада Гүлзада жеңгем үлкен жұмыс атқарды. Сөйтіп, Аллаһ нәсіп етіп, болашақ жарым Жанармен отбасын құрдық. Үйленген соң, сегіз жылдай ауылда тұрдық. Үш баламыз сол ауылдағы қарашаңырақта дүниеге келді.


-Уәлибек аға, кещегі кеңестік жүйеге қарағанда, бүгінгі заман отбасындағы бала тәрбиесіне етене көңіл бөлуді талап ететін ыждаһатты заман болды ғой. Сіз өз отбасыңыздағы бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?


- Мен балаларыма барынша қазақи тәрбие беруге тырысамын. Өздерінің қазақ екенін біліп және соны мақтан тұса екен деп ойлаймын. Тіпті балаларым «Пәлен деген министрдің баласы мынандай шет елде білім алады екен. Олар ағылшынша қатты біледі, қазақшаның не керегі бар деп айтып жүр» - дегенін естігенде, мен балаларыма қатты ұрысамын. Мұндай пікірді балаларымның ойларынан алдырып тастаймын. «Сенің туылған жерің осы. Ұлтың - қазақ. Сен басқа жерге барып сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғаның артық. Олардың балалары Германияда оқып немістерді, Түркияда оқып түріктерді, Англияда оқып ағылшындарды мақтап жатса, сен Арабияда, мейлі қай жаққа барып білім алсаң да, қазақтарды мақта! Қазақтарды жақсы көр! Қазақтарды жақсы біл!»-деп айтып отырамын. Менің ең басты қағидам осы. «Егер сен қазақты жақсы біліп, жақсы тәрбиеленсең, ата- ананы, үлкенді сыйла»-деп айтпай-ақ қояйын. Ал жаңағыдай шенеуніктің баласы қазақты жақсы білмей, қазақи жүрекпен ата-анасын жақсы көреді деп ойламаймын. Олар ата-анасын басқа есеппен жақсы көреді деп есептеймін. Себебі, қазақи жүрекпен жақсы көру дегеннің тереңіне үңілсек, ол жерде ақша, дүние не болмаса, мал есеп болмайды, ол жерде адамның жаны есеп болады деп есептеймін. Сондай-ақ, өзім ер адам болғаннан кейін шығар, балаларымды шамалы спортқа баулығанды қалаймын. Екі ұлымды күреске бердім. Екінші ұлым қазір Өскемен қаласында әскерде жүр. Әскерде жүріп, сол күрестің арқасында үлкен беделге ие болды. Аллаһқа шүкір, кеше ғана командирлерінен арнайы мақтау қағаз алып, қуанып қалдық. Сондай-ақ, гастрольдік сапарларыма байланысты мен өзім үйде көп болмаймын. Мұндай уақытта балалар тәрбиесіне толықтай жұбайым жауапты. Ол өз кезегінде балаларымыздың сыпайы, білімді болып өсуіне қатты көңіл бөледі. Балаларымыздың әр түрлі курстарға қатысып, жан-жақты білікті болып өсулеріне аналарының еңбегі зор.


-Ұлдарыңыздың таңдаған мамандықтары қандай?


-Аллаһқа шүкір, төрт ұлымыз бар. Ал енді, балаларыма мамандық таңдауды өз еріктеріне бердім. Ең үлкен ұлым - Фархат Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, «Халықаралық қатынастар» факультетінің 4 курсында білім алып жатыр. Дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы әкімшілкте өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Екінші ұлымыз -Мақсат. Ол да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, заң факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түскен болатын. Университеттің әскери дайындыққа өту үшін, үлкен конкурс болады екен. Менің ұлым сол конкурстан өте алмай қалды. Сөйтіп, өзінің айтуынша, оқудың сырттай бөліміне ауысып әскерге кетті. Баламның бұл ойын мен де құптадым.Үшінші ұлым - Алмат, ол Шымкент қаласындағы Дарын мектебін тәмамдап, үлкен жеңгеміз Майгүл: «Менің қарамағыма келііп, білім алсын»-деген соң, Алматы Технологиялық университетінің жеңіл өнеркәсіп факультетінде 1 курста оқып жүр. Төртінші ұлымыздың есімі - Рахат. Ол әлі мектеп жасында.


-Жеңгеміз екеуіңіз келін түсіріп, немере сүйіп отырған шығарсыздар?


-Ең үлкен ұлым Фархат отбасын құрған. Келінімнің есімі - Әйгерім. Ұлым екеуі бірге оқыған қатарластар. Ал енді, елдер: «Келін түсіріп, немерелі болыпсың» -деп айтып жатыр. Бірақ, біз ұлымыздың баласын немере емес, өзіміздің бесінші баламыз деп айтамыз. Сол бесінші баламыздың есімі - Әбдухамит. Қылықтары өте тәтті.


-Мамандық таңдауда ұлдарыңыз ізіңізді қумаған екен. Әлде сіз қаламадыңыз ба?


-Алматтың бойында аздап юморлық қасиет бар. Рахат та шамалы күлдіре біледі. Бірақ, өнер- өте қиын дүние. Адам бұл салаға үлкен білімділікпен және сауаттылықпен келуі қажет. Әйтпесе, шынын айтқанда өнер адамды бұзып жіберуі мүмкін. Өзім де өнер жолында жүргеннен кейін, оның барлығын көріп -біліп жүрмін. Өздерін өте байсалды ұстайтын кейбір әнші, домбыра тартатын балалар бар. Олардың түсінігі, пайымы жоғары. Өнерде тағы бір балалар жүр, олар «жұлдыздар» Жұлдыз ауруымен ауыратындары соншалық- қамырды аласың да, көкірегіне басып нан пісіріп ала бересің. Ол нанды тіпті пешке кіргізудің қажеті жоқ(күліп). Қазіргі заманда ақша деген нәрсе адамның мінезін сұмдық бүлдіріп жатыр ғой.


-Әр отбасында береке бір адамға ұйып тұратын сияқты. Бірақ, оны ер мен әйел дер кезінде ажырата алмай жатады. Осы сауалға сіз қандай ой қосар едіңіз?


-Негізінде әйелдің ақылы көп болып, еркектің ақылы төмен болып тұрса, әйел адам бәрібір еркекті биік санау керек деп есептеймін. Сондай-ақ, әйел адам балаларына әкелерін мойындатып, өзінен биік етіп сыйлап, бағалай білуі керек. Еркек ақымақ болып, ал әйел адам ақылды болып тұрса- онда ол өз ақылымен күйеуін алдап-сулап, әйтеуір, соның тілін таба білуі қажет. Ал еркек ақылды болып тұрса, онда нұр үстіне нұр. Ақылы екеуінің бірдей болып тұрса, онда әйел адам еркектің ақылына жүгінуі керек. Ал жалпы айтар болсақ, әйел адам -отбасының негізгі тұтқасын ұстап тұрушы. Еркекті - дос-жаранымен ,туған-туысқандарымен де араластыратын әйел. Сондықтан, әйел адам дипломатиялық жағынан барлығын үйлестіруі керек. Ал егер олармен қарым-қатынасы дұрыс үйлеспей жатса, онда ол әйел адамға үлкен сын.Бірақ, қазіргі таңда қайнысын жадырап қарсы алатын жеңгелерді өте сирек кездестіретін болдық. Ал бұрынғы кезде мың жерден қайнысын ұнатпай тұрса да, астына көрпеше төсеп, қайнысын жылы қабағымен еркелете салатын ақжүрек, жарқын жүзді жеңгелер болды. Ал бүгінгі келіндер үлкендердің сондай игі қасиеттерін бойларына сіңіре білсе, бұл тәрбие әрине, әрбір шаңырақтың әрқашанда мықты әрі мығым болуына зор үлес қосар еді деп ойлаймын…


-Уәлибек аға, осы өзіңіз басқарып отырған «Шаншар» әзіл-сықақ театрының кешегісі мен бүгінінде қандай айырмашылық бар?


-«Шаншар» театрының тарихы 1995 - жылдан басталады. Тарихы -әу- баста Жүсіп екеуіміздің бірігіп ойнауымыздан басталды.Оған себепкер Ә.Шілдерханов деген әдебиет зерттеушісі, жазушы ағамыз болды. Ол кісі Шәуілдірде ұзақ жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Жүсіп екеуіміздің кішігірім сахналарда қойып жүрген көріністерімізді тамашалап жүріп, бір күні: «Сендер осылай ауылда жүрмей, Шымкентке барып театр ашуларың керек. Оңтүстіктің өзінің әзілі бөлек. Сол әзілге лайықты театр ашылу керек. Біз- бір «Тамашаны» қашанғы күтіп отырамыз. Сендер әлі жассыңдар. Әлі-ақ көресіңдер! Шаршамай, мұқаймай еңбек етсеңдер, 5-6 жылдан кейін, үлкен театр болады »-деп, алғаш рет бізге үлкен ой салды. Расында да, ол уақытта халықтың назарында бір ғана «Тамаша» ойын-сауық отауы болатын. «Бауыржан шоу» театры жаңадан ашылып жатқан уақыт. Сөйтіп, мұндай келелі ойдан кейін, біз тәуекелге бел буып, 1995 жылы театр құрып, жанымызға актерлер алдық. Алғашқы кездерде студенттермен қосылып ойнап жүрдік. Сол студенттердің бірі - Бағлан Төлендиев кешегі Нұржан Төлендиевтің туған ағасы. Алма Салихова қазір Алматы қаласында, керемет актриса болып жүр. Кейіннен, Айман Өтебаева деген қыз келді. Өзі керемет әнші әрі актриса болатын.Мінекей, осы бес-алты актермен «Шаншар» театры құрылды. Арасында ауыл аралап күнімізді көре алмай қиналып кеткен кездеріміз де болды. Сөйтіп жүргенде, бізді Тұңғышбай аға «Көпен келе жатыр» деген кешке қонаққа шақырды. Ол кезде Тұңғышбай аға М.Әуезов атындағы драма театрының директоры. Ал, 1998 жылы ол кісі бізді Алматыға шақырды. Содан екі жылдай М.Әуезов театрының кіші залында біз қойылым қойып жүрдік. Онда У.Сұлтанғазин, А. Омаров, Б.Қаптағаев сынды үлкен өнер майталмандарымен қосылып ойнадық. Ол кісілерден үлкен тәжірибе жинадық. Сол жылдардан бастап, театрымыздың деңгейі де көтеріле бастады. Неше түрлі қойылымдар қойдық. Арасында қаншама әртістер келді, қаншама әртістер кетті… Ал енді, «Шаншар» театрының бүгінгі жаңалығына келер болсам, театр құрамына жаңа әртістер қабылданды. Бұрын тек қана қысқа көріністерді сахналаған болсақ, бүгінде қосымша спектакльдер қойып жүрміз. Сонымен қатар, концерттерден, гастрольдік сапарлардан түскен қаржыға актерлердің материалдық базаларын нығайту үстіндеміз.


-Театр әртістерінің бүгінгі құрамы қандай?


-Баяғы Жүсіп, баяғы Нұржан Құлшынбаев, баяғы мен. Ғалымжан Қалыбаев деген жігіт келді. Мұның алдында «Күлкі керуенінде» өнер көрсеткен актер. Сосын, бұрын «Шымкент шоу» театрының актрисасы болған Күннұр есімді қыз келді. Индира деген қызымыз бар. Дәурен деген бір баланы Жаңақорғанда жүрген жерінен алып келдік. Аллаһқа шүкір, шәкірттеріміз бар.


-Театрдан Нұржан Төлендиев кеткен соң, оның орнын алмастыратын актер келді ме?


-Әр актердің ешкім ауыстыра алмайтын өз орны болады. Осыны мойындау керек. Бірақ, «менің орнымды ешкім ауыстыра алмайды екен. Мен кетсем, мына жер құлайды» -деп айтуға тағы болмайды. Себебі, ол актердің орнына басқа біреу келеді, бірақ, оны Нұржан істей алмайды. Мысалы, Нұржан Жүсіпті келтіре ала ма? Мені келтіре ала ма? Сол сияқты мен де Нұржанның образын келтіре алмаймын. Сондықтан, әрқайсысының орны бөлек. Соны адам дұрыс түсіне білуі керек. Мысалы, М.Әуезов атындағы драма театрын кезінде небір мықты адамдар құрды ғой. Ал ол кісілердің орнына бүгінде Аллаһқа шүкір, басқа актерлер келіп, өнер көрсетіп қара шаңырағымыз жылдан-жылға гүлденіп, неше түрлі спектакльдер көрсетіп келе жатыр. Бізде де сол сияқты дүние. «Нұржан кетіп қалды екен»- деп, бәріміз қолымызды төбемізге қойып, театрды жауып кетіп қалуымыз керек па екен? Қалған актерлерге обал емес пе? Кім білсін, мүмкін, Нұржаннан да мықты актерлер бар шығар? Сондықтан да, әр көрерменнің өзінің ойынан шығатын сүйікті актері болады. Оған үлкен түсінікпен қарау керек.


-Осы Нұржан Төлендиевтің «Екі жұлдыз» шоуын жүргізіп жүрген уақытында нендей жағдайға ұрынғанын халық түгел естіді. Мұны сіз де естіген шығарсыз. Бірақ, осы үшін көпшілік халық Нұржанды кінәлап жатса, енді бір жартысы екеуіңіздің баспасөз беттеріндегі біраз айтыстарыңызға қарап, «Нұржанға подстава жасаған Уәлибек шығар…» деген жорамал айтып отыр. Мұның анық-қанығын сіздің өз аузыңыздан естісек. Халыққа не айтасыз?


-Бұл оқиғаны мен шыны керек, Ақтауда қаласында жүргенде естідім. Маған заң қызметкерлері қоңырау шалып: «Сіздің бір балаңыз бізге істі болып түсті. Нұржан Төлендиев деген «Шаншар» театрының әртісі»-деп айтты. Сосын, мен: ««Шаншар» театрының әртісі дегенді алып тастаңыздар! Театрдың атына кір келтіреді. Ақылы болса, өзі де алып тастайтын шығар»-дедім. Содан олар: «Енді не істейміз? Жаманды-жақсылы бұл бала сіздің қарамағыңызда жүрді ғой»-деп айтты. Мен :«Мен ештеңе істей алмаймын. Мен білмеймін оны. Егер шығара алатындай мүмкіндіктерің болса, шығарып жіберіңдер!»-дедім. Мінекей, одан басқа ештеңе деген де жоқпын, одан басқа ештеңені білмеймін. Мен бұл тірлікке ешқандай араласқан жоқпын. Егер мен сол істі жасасам да - оны мен істедім деп айтамын ба?! Оны адам дәлелдеу керек. Сондай-ақ, бір басылым бетінен Бауыржан Ибрагимовтің бұл жайында сұхбатын оқыдым. Сол жерде Бауыржан барлығын ап-анық етіп айтыпты. Басылымда: «Қыздың өзінің істеп жүрген тірлігі. Сондықтан, оны ешкімнен көрмеңіздер!»- деп жазылған екен. Және де, сіздер мені кешіріңіздер! Мен баспасөз арқылы Нұржанмен айтысқан жоқпын. Журналистер маған келіп: «Театрдан Нұржан кетіп қалыпты ғой?»- деп сұрады. Сонда, естеріңізде болса, мен бір басылымға сұхбат бердім. Онда мен: «Бұл - театрдың ішкі асханасы. Кім келеді. Кім кетеді. Онда жұмыстарыңыз болмасын! Өйткені, ол театрдың ішкі мәселесі болғандықтан оған сіздердің араласпай-ақ қойғандарыңыз дұрыс болар еді!»-деп айтқан болатынмын. Себебі, бүлініп кеткен ештеңе жоқ. «Нұржан кетсе, орнына басқа адам аламын.» Бұл менің өз ішкі ойым еді. Сонымен, бұл жабулы күйде қалған әңгіме болатын. Бірақ, Нұржанның өзі әрбір журналға, әрбір газетке қайта-қайта сұхбат беріп жариялай берді. Соңында жұрт маған қоңырау соғып: «Сен адам емес екенсің ғой! Әртістеріңнің жағдайына қарамаған екенсің. Сен ақша төлемейді екенсің ғой. Аз төлейді екенсің. Театрды көтерген Нұржанды неге олай еттің?»- деп айта бастады. Сөйтіп, мен де айтылған сөздердің бәріне нақты жауап бердім. «Кешіріңіз, театрды көтерген ол емес! Театрды көтерген мен де емес, Жүсіп те емес! «Шаншарды» көтерсе, Тұңғышбай көтерді. Дархан Мыңбаев, Әли Бектаев көтерді. Қазіргі таңда үлкен қызметте отырған осы кісілер көтерді. Ал біз жұмыс істедік» - деп айттым. Ал Нұржанның: «Мен Шаншарды көтердім»-дегені өзімсінгендік, өзін жоғары бағалағандық тірлік екені айқын. Ал енді, «Шаншардағы» актерлардың табысына, жалақысына келер болсақ, мен актерлеріме екі жарым мың доллар айлық төледім. Сондай-ақ, үстеме айлық та беріп отырдым. Сұрасаңыздар, қасымдағы жігіттер де айтады. Ал айтқыш болса, Нұржан осындай шындықтарды неге айтпады? Кететін болса, неге сондай шындықтарды айтып кетпейді? Ал баяғыда, маған ең алғаш келгенде Нұржан кім еді? Маған келген кезде бала-шағасы Түркістанда, өзі Сайрам ауданында жүретін. Жұмыстан шығарып жіберген, әкімнің жанында жүрді. Әкімнің жанында жүргенде беделі бөлек, менің жанымда жүрген беделі мүлде бөлек болды. Сол кезде мен оның өзіне де: «Мен сені бір-екі жылда үлкен жұлдыз қыламын. Сенің бойыңда өнерің бар. Талантың бар. Оны біз көтереміз әлі!»-деп айтқан болатынмын. Бірақ, өзі соны көтере алмады ғой! Жоғары шыққан кезде, төменге түсе алмай қалды!


-Уәлибек аға, алдағы уақытта өмір жайлы, қоғам жайлы, өзіңіз жайлы, ал мүмкін, осы «Шаншар» театры жайлы кітап жазу ойыңызда бар ма?


-Мен кітап жазбаймын. Өйткені, мен кітап жазатын болсам, өзімді мақтап жазып жіберуім мүмкін. Қоғам не болмаса, өмір жайлы кітап жазатындай, қоғамда керемет үлкен іс атқардым деп айта алмаймын. Ал егер де, мен туралы жазатын болса, онда журналдың екі беті ғана толатын шығар.


Ал театр жайында кітапты әрдайым осы театрдың қойылымдарын көріп жүрген, театрдың ішкі асханасына араласып жүрген өздеріңіз сияқты журналистер не болмаса, жазушы жазғаны дұрыс болар деп ойлаймын. Ал егер жазбаса, оған ешқандай өкпелемеймін.


-Егер жас уақытысымен буынға бөлсек, сіз ортаңғы буынға жататын азаматсыз. Бүгінге дейін өмірден көрген-білгеніңіз аз емес. Өмірден түйген сырыңыз қандай?


-Мемлекеттік қоғамдық іске араласып, халықтың мұң мұқтажын ойлайтындай ештеңе істеген жоқпын. Мен тек жұмыс істедім. Өзімнің осы жұмысымда мынадай ой түйдім. Өмірде жаныңа адал дос, шын жолдас таба білу керек екен. Ағайын керек әрине, бірақ өмірде өзіңмен бірге жүретін, замандас болатын жақсы адамдармен араласу қажет. Содан кейін, «Мынау таксист екен, мынау қойшы екен, мынау министр, мынау әкім екен»- деп, адамды ешқашан бөлуге болмайды. Өзіңнің адам, пенде екеніңді, оның да адам, пенде екенін түсіне біл! Сол кезде ғана сен кез-келген жерде абыройлы, кез-келген жерде сыйлы боласың! Сонымен қатар, еңбегің адал болсын! Өтірік, екіжүзділік ең жаман нәрсе. Осындай қасиеттерден адам баласының аулақ болғанын дұрыс деп есептеймін.


-Өзіңіз көп жылдардан бері күлкімен доссыз, сырлассыз, мұңдассыз. Сол сырыңызды көрерменмен бөлісіп, халықты да риза етіп жүрген жансыз. Жалпы, күлкі дегенді өзіңіз қалай түсінесіз?


-Мен әрбір концерт біткен сайын: «Ағайындар, елдеріңізде, отбастарыңызда, әулеттеріңізде күлкі көбейсін! Бірақ, күлкі тек қана қуаныштан болсын!» - деп айтамын. Себебі, неше түрлі күлкі бар ғой! Күлкінің түрлерін Үмбетбай Уайдин ағамыз әдемілеп талдап тастаған. Қазіргі заманның күлкісі шамалы арзандау болып тұр. Бұрынғы Оспанханның, Асқардың кезіндегідей астарлы әдемі бір күлкі болып жатқан жоқ. Оның себебі неде? Себебі, біздің елде тіл дамымай тұр. Ал халықта тіл тоқтап қалмау керек. Тіл әр заманда қолданысқа ие болып отыру қажет. Ал енді қазіргі таңда, біздің мемлекеттік қазақ тіліміз қоғамда қаншалықты қолданысқа ие болып жатыр? Үлкен мінберлерде қазақша сөйлене ме? Кеңінен отырып алып жазушылар туралы әңгіме айта аламыз ба? Жоқ. Шыны керек, ешкім айта алмайды. Себебі, кімнің не жазып, не қойғанын ешкім білмейді. Тек қана бір арзанқол газеттерді оқимыз, болды. Ал «Қазақ әдебиеті» деген сияқты газеттерді оқып жатқандарды жиі кездестіре алмайсың. Қазақты жоғарыдан өз ана тілінің байлығымен байытып отыратын болсақ, күлкімізге де әдемі жерлерден орын табылатын еді. Өйткені, «Балық басынан шіриді» - демекші, Үкіметте отырған Премьер министрімізден бастап, қазақша сөйлеп, қазақтың тілінің түпкі мәнін ұғынбаса, осылай дамымай, бет-аузымызды тыржитып алып, кішкентай дүниеге күле салып жүре беретін боламыз да.


-Гастрольдік сапарлармен ел ішінде көп жүресіз. Әр сапардан ойыңызға не түйіп қайтасыз?


-Бір жиында отырғанда, мен: «Ештеңені түсінбеймін. Бірақ, мына Премьер министрді не болмаса, индустрия-экономика министрін қояр кезде, «Біз мұнайдың үстінде отырмыз. Соны қымбаттатпай ауылшаруашылығына арзан түрде жеткізе аласың ба? Соған миың жете ме? Соған миың жетсе, министр бол, ал миың жетпесе, қоя ғой! - деп айтып, оған осындай бір-ақ сұрақ қойса - деп ойлаймын» деген едім. Менің осы сөзімді Серік Абас-Шах қана түсініп, «Не деген әдемі айтылған сөз» деп күліп жіберді. Бірақ, бұл сөзді қалған ешкім түсінбеді. Сол айтқанымдай, біз байлығы мол керемет ауқымды жерде отырмыз. Сол байлық біз тұрмақ, тіпті Қытайға, басқа елдерге де жетіп жатқан сияқты. Осы мәселені қатты уайымдаймын. Біздің ауылдың жағдайы дұрыс болса деп ойлаймын. Мен ауылға өте жиі барамын. Жағдайларын көремін де, қатты қынжыламын. Қазақылықтары, береке-бірліктері мықты ауылдардың бүгінде тоз-тозы шыққан. Үкімет қайбір жылдарды «Ауыл жылы» деп жариялады да, құр көшедегі клубтардың қабырғаларын әктеді де кетті. Не болмаса, мешіт тұрғызып, мектепті әдемілеп қояды -дағы болды. Ал оның арғы шетінде халықтың жағдайы не болып жатыр?- деп, ауылдың рухани-эстетикалық, материалдық мәселесіне бас қатырған жан болмады. Себебі, ауылдың ішкі жан дүниесін ешкім ойламайды. Ал ауылдардың жүректері әлі жаралы болып жатыр. Мінекей, осы жағдайдың барлығын жоғары жақта отырғандар дұрыстап ойланса, халықтың жағдайы жақсы болар еді деп ойлаймын. Ал Үкіметтен мұндай мәселенің шешуіне ең алдымен, адалдық қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік тілімізді не орыс емес, не қазақ емес қылмай, қазақтың жері, қазақтың елінде отырып, кімнің - кімнен несіне қорқып, несіне ұялып отырғандарын түсінбеймін? Өз мемлекеттік тілдерінде сөйлеп жатқан елдерге ағылшын немесе, орыс барып ренжіп жатқан жоқ қой! Мысалы, Молдавия елінде молдаван тілін білмесең, ол елдің азаматтығы ешкімге берілмейді екен. Кең байтақ жерімізді жаулардан қорғап, болашақ ұрпағы әдемі, дұрыс өмір сүрсін! -деген қаншама батыр ата-бабаларымыздың қаны төгілді осы жерге. Ұрпағының болашағын ойлап, жандары қыршыннан қиылды. Олар осы бүгінгі ұрпақты - ел болып, қазағым бақытты ғұмыр кешсін!- деп жандарын қиды. Осыншама жерді, елді ұрпағына аманат етіп тастағаннан кейін, сол аманатқа қиянат жасамай, оны берік ұстап қалу - бүгінгі біздерге артылған игі міндетті іс емес пе! Мен көңілімді осындай түйткілдер көп мазалайды.


-Уәлибек аға, естуімізше, осыдан 20-30 жыл бұрындары да баяғы қария ата–әжелеріміз өз немерелеріне қарап: «Бала күнімізде біз ештеңеге мән бермейтін аңқау едік. Ойпырмай, қазіргі туылған балалардың бәрі осындай пысық, бәрін іштен біліп туады!» деп таңдайларын қағып отырады екен. Бірақ, бұл сөзді бүгінгі ата-әжелердің де айтып отыратынын естіп жүрміз. Бұған сіз не дейсіз? Біздің бүгінгі жастарымыз- ертеңгі ел болашағынан қандай үміт күттіреді деп сенесіз?


-Аллаһқа шүкір, бүгінде жастарымыздың көпшілігі мәдениетті және олардың дінге деген көзқарастары өте жоғары. Мен осыған қатты қызығамын. Сондай-ақ, қазақша сөйлейтін жастарымыз көбейіп келеді. Бірақ, мен кейде адамдардың, жастардың ішінде рухсыздары көп пе?- деп ойлап қаламын. Себебі, Кеңес одағы тұсындағыдай қазіргі жастарда патриоттық рух жоқ. Сондықтан да, жастарымыздың жан дүниесін жастайынан- қазақ дегенде жаны ашитын, қазақ дегенде патриоттық сезімі өте биікке самғайтын мықты рухты етіп тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. Ал рухымыз биік болмай, біз елу елдің қатарына қосыламыз деп те айтпай-ақ қояйық. Елу елдің қатарына жоғары жақтың байлығы жететін шығар, бірақ, еліміздің рухы жетпей жатса, онда оның кімге қажеті бар? Одан гөрі халқымыздың ішкі жан дүниесі бай, бақытты, ана тілімен, ұлттық рухымен сусындаған жүрегі күшті, көңілі биік болып- жүз елдің қатарында жүре бергеніміз артық емес пе!


-ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелі отырған еліміздің ертеңін қалай елестетесіз?


-ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен кейін,министрлеріміздің ұяты оянып кетіп, елімізде әділеттік орнап, қоғамдағы мәселелердің барлығы оң шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарып кететін болса, мен оған қатты қуанар едім!


-Осындай ойлар көкірегіңізді тырмалаған кездерде, кейде депутаттыққа сайланып, елге жоғары жақтан отырып көмектессем деген ой ойыңызға келмей ме?


-Мен саясатқа араласпаймын. Маған саясаттың қажеті жоқ. Неге дейсіз ғой. Себебі, мен кезінде коммунистік партияға мүше болған адаммын. Ал коммунистік партияның кезінде соның жарлығы, соның бағдарламасы бойынша жұмыс атқардық. Партияның үлкен мүшесінің бірі болдым. Кейін, ол партия тарады. Партия тарағаннан кейін, менің жанымдағы партияның басқа мүшелері басқа партияға мүше болып, басқа пікір айтып жүр.Тіпті арасында имам болып кеткендері бар. Соның бәрін көрген соң, мен саясатты тоқтаттым. Керегі жоқ. «Саясат деген дүние- көшеде тұратын қыздар сияқты, кім ақша берсе, соған қызмет ететін нәрсе екен ғой» деп ойладым. Сондықтан, менің саясатқа араласқым келмейді. Мен тек театрмен, сатирамен және өз жұмысыммен ғана жүргенді дұрыс санаймын.


-Адам баласының бойынан қандай қасиеттерді құрметтейсіз?


-Ең әуелі, адалдық, қарапайымдылық. Досына, жан-жарына деген адалдық. Кез-келген адам осы қасиетті бағалауы қажет деп ойлаймын. Ал егер, өнер адамы болса, бойында рухы, намысы, білімі, ақылы бар адамдарды қатты қадірлеймін. Ондай адамдардың кейбір нашар мінездері болса да, оны кешіремін. Себебі, адам болған соң, бәрінің мінезі болады.


-Қандай қасиеттерді жақтырмайсыз?


-Ең жек көретін қасиетім - екіжүзділік, жағымпаздық. Болсын-болмасын өзінің бас пайдасы үшін, не нәрсеге болсын, жағымпазданатын адамдарды ұнатпаймын. Себебі, екіжүзді, арам ниетті, өтірікші адамдар - «жақсы адамды жаман, жаман адамды жақсы» қылып жібереді.


-Ал өз мінезіңізді қалай сипаттар едіңіз?


-Менің мінезімді жанымда жүрген адамдардан сұрағаныңыз дұрыс болар. Себебі, алаяқ, өтірікші болса да, кез-келген адам өзін жақсымын деп айтады. «Жаманмын»- деп өзін ешкім айтпайды. Бірақ, өзіме ұнамайтын қасиеттерім бар. Кейде, шектен тыс мақтанып, асырып айтып қоямын. Асыра мақтанған жерде, міндетті түрде өтірік кетіп қалады. Осы мінезімді өзім де байқаймын. Бұл мінезім өзіме де ұнамайды. Сондай-ақ, болмайтын жерде өзімнен-өзім ұялып, айтатын әңгімемді айта алмай қаламын. Ал керісінше, кей кездері болмайтын жерде керек емес артық әңгімені айтып қоямын. Мүмкіндігімше осы мінездерімді жөндеуге тырысамын.


-«Жұлдызбен сырласу» журналына игі лебізіңіз қандай?


-Біздің көрермендерге айтарым, әзілді сүйіңіздер! Күлкіні жақсы көріңіздер! Менің өзім жазған «Адам мен хайуан» атты бар монологым бар. Адам мен хайуанның айырмашылығы неде? - дегенде, барлық жерде адам мен хайуанның айырмашылығы - ақыл-есінде, сана-сезімінде деп жазылған. Бұл ғылыми түрде де дәл осылай дәлелденген. Сонда хайуандар сен үшін ақымақ па? Оның сана-сезімі жоқ па? Егер бұл рас болса, онда адам мен хайуанды салыстырып көрейікші. Мысалы, сиыр, жылқы тіпті керек десеңіз итке дейін өзінің жейтін тамағын өте жақсы біледі. Олар басқа нәрсе жемейді. Сиырдың ішіп кеткен суын- жылқы шөлдеп өліп бара жатса да ішпейді. Сонда ол ақымақ па? Ақылы бар екен ғой, оның?! Ал адам ше? Не жемейтін болдық, қазір? Арақты мүлде ішуге болмайды.Соны ішуге болмайтынын білеміз. Оған ақылымыздың жетпегені! Оны ит екеш ит те ішпейді. Ал сонда иттің ақылы төмен бе? Сезім дейді.Ал хайуанда сезім жоқ болса, онда жалғыз жылқы бір үйір биені неғып қорғап жүреді? Аң туған баласын жыртқыштардан не үшін қорғайды?Ал мұның қасында адам қандай? Әйел аламыз- оны тастап кетіп, басқа қызды екіқабат қылып оны лақтырып кетеміз. Ал ештеңеге жауап бермейміз. Баланы туып алып, қоқысқа тастап кететіндер де бар. Бұл жерде адамнан гөрі хайуандар мықты болып шықты.Менің ойымша, бұл екеуінің айырмашылығы - адам күледі, ал хайуан күлмейді. Мысалы, мініп келе жатқан жылқыңыздың ішек-сілесі қатып күліп келе жатқанын көрдіңіз бе?

Категория: Сұхбаттар | Просмотров: 3570 | Добавил: Bamxana | Теги: Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ | Рейтинг: 2.0/1
(43.31 Kb, 468x60)
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]